Адал қызмет еткен мәртебелі ұстаз

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Адал азамат» тұжырымдамасында қоғам дамуының негізі – адал еңбек пен әділдік екенін айқындап берді. Бұл құндылықтарды өмірлік қағидасына айналдырған ұстаздар әрқашан халық құрметіне бөленіп, өскелең ұрпаққа өнеге болып келеді. Солардың бірі – қазақ тілі мен әдебиетін орыс сыныптарында оқытып келе жатқан тәжірибелі ұстаз, еңбек өтілі 30 жылдан асқан Теңізбай Сафура Базарбайқызы.
1970 жылы дүниеге келген Сафура Базарбайқызы жастайынан білімге құштар болып өсіп, өмірін педагогикамен байланыстырды. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жоғары білім алып, алған білімін жас ұрпаққа арнауды басты мақсат етті. Ұстаздық жолын бастаған сәттен бастап адалдықты ту етіп, шәкірт тәрбиелеудің ауыр да абыройлы міндетін арқалап келеді.
Бүгінде ол З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. 31 жылдық еңбек жолында талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, олардың бойына ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды сіңіруге бар күш-жігерін жұмсады. Сафура Базарбайқызының шәкірттері түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жетістіктерге қол жеткізіп, ұстазының еңбегін ақтап жүр.
Оның адал қызметі әрқашан марапатпен бағаланып келеді. 2021 жылы педагогтардың цифрлық құзыреттілігін дамытуға арналған сертификат алып, білім беру саласындағы жаңа талаптарға бейімделе білді. Сол жылы Шымкент қаласы тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «Ана тілі және отбасы – 2021» байқауына белсене қатысқаны үшін Алғыс хат иеленді. 2022 жылы «Мәртебелі ұстаз» облыстық байқауында кәсіби шеберлігі үшін ІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. 2023 жылы Шымкент қаласы білім басқармасы мен әдістемелік орталығы тарапынан бірқатар Алғыс хаттарға ие болды.
Сафура Базарбайқызы үшін ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, ұрпаққа жол көрсететін өмірлік миссия. Ол әр сабағында тек тіл үйретіп қана қоймай, шәкірттерін адалдыққа, еңбексүйгіштікке, елін сүюге тәрбиелейді. Оның әрбір жетістігі – Президент Тоқаев атап көрсеткен «Адал азамат» тұжырымдамасының өмірдегі шынайы көрінісі.
Мұндай ұстаздар – қоғамға тірек, ұлтқа рух беретін асыл жандар. Сафура Базарбайқызының өмір жолы мен еңбегі жас мұғалімдер үшін үлгі, ал шәкірттері үшін үлкен мектеп, қоғам үшін өлшеусіз қазына болып қала бермек.












