ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ – БАСТЫ НАЗАРДА

0
49

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың өтініштері мен шағымдарын дер кезінде тыңдап, олардың шешімін табуға ықпал етуді мемлекеттік органдардың негізгі міндеттерінің бірі ретінде атап өткен болатын. Бұл қағидат бүгінде партиялық жобалар мен қоғамдық қабылдаулар арқылы іске асып келеді.

Шымкент қаласында өткен кезекті қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетовке өз өтініштерін жеткізді. Қабылдау «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылып, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өтті. Жиынға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Талғат Балтабаев, мәслихат депутаттары, сондай-ақ басқармалар мен бөлімдердің басшылары қатысты.

Кездесу кезінде тұрғындар негізінен жер дауы мен құқықтық сипаттағы мәселелерді көтерді. Мәселен, қала тұрғыны А. Пайзахметов №53 мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер жолын кейбір кәсіпкерлер заңсыз қоршап алғанын айтып, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. «Көлік көп жүретін көшенің жаяу жүргіншілер жолын қоршап алғалы қауіп аймағына айналды. Әсіресе балалар үшін қатты алаңдаймыз. Бұл заңсыз екенін айтсақ та, мәселе шешілмей отыр», – деді ол.

Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов бұл жағдайды жан-жақты қарастыру қажеттігін атап өтіп: «Егер кәсіпкер халықтың еркін жүріп-тұруына кедергі жасаған болса, мәселені заң аясында шешу керек. Алдымен талаптардың сақталмағаны анықталса, прокуратураға және тиісті басқармаларға арыздану қажет», – деп жауап берді.

Сондай-ақ Ақтас шағынауданының тұрғыны К. Құнанбаев үйіне кіріп-шығатын жолдың үстінен біреулер заңсыз ғимарат тұрғызып алғанын жеткізді. Бұл шағымға байланысты мәслихат төрағасы тиісті басқармалар мен аудан әкімшілігіне жағдайды түбегейлі зерттеп, заң аясында шешім қабылдауды тапсырды.

Қабылдау барысында бірқатар қарапайым мәселелердің шешімі сол мезетте табылды. Ал күрделі түйткілдер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл – азаматтардың өтініштерін жауапсыз қалдырмай, нақты шара қолдану тетігі бар екенін көрсетеді.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қоғамдық қабылдаулар халық пен билік арасындағы диалогты күшейтіп қана қоймай, азаматтардың саяси шешімдерге араласу құқығын жүзеге асыруға да ықпал етеді. Әрбір тұрғын өз өтінішін ашық айтып, оны билік өкілдерінің тікелей тыңдауы – әділетті қоғам құрудағы маңызды қадам.

Президент атап өткендей, халықтың үнін тыңдайтын мемлекет – әділдікке негізделген Қазақстанның басты кепілі. Шымкентте өткен қоғамдық қабылдау осы қағидаттың нақты іске асқан жарқын үлгісі болды.

Leave a reply