АЗАМАТТАРДЫҢ НЕСИЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

0
30

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында әрбір азаматтың мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырмай, нақты шешімін табуға жағдай жасау мемлекеттік органдардың басты міндеті екені атап өтілген болатын. Бүгінде бұл қағиданы жүзеге асыру мақсатында партиялық жобалар мен қоғамдық қабылдаулар аясында тұрғындардың өтініштері тікелей тыңдалып келеді.

Осы ретте, Шымкент қаласындағы «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Оған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Абылғазы Қалназаров қатысты. Іс-шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі қаржы саласына, әсіресе несие төлеу және банктермен қарым-қатынасқа байланысты мәселелерін ортаға салды. Қала тұрғыны Т. Спаев несие қарызын уақытылы өтей алмағандықтан, есепшоттары бұғатталғанын айтып, көмек сұрады. Бұл жағдай азаматтардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне де тікелей әсер ететінін жеткізді. Абылғазы Қалназаров тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, заң аясында қандай жолдар арқылы мәселені шешуге болатынын түсіндіріп берді.

Жалпы қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші назарға алынды. Несие мен қарызға қатысты құқықтық кеңестер беріліп, қарыз мәселесін реттеудің заңды тетіктері нақты көрсетілді. Бұл – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға да ықпал ететін қадам.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – тұрғындардың құқықтарын қорғау ғана емес, олардың саяси шешімдерге белсенді араласуына мүмкіндік жасау. Өйткені азамат өзінің мәселесін ашық жеткізіп, билік тарапынан нақты жауап алса, қоғамдағы сенім артады. Бұл өз кезегінде әділетті әрі ашық мемлекет құруға жол ашады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халықтың үнін тыңдап, проблемаларын шешу – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. Шымкентте өткен қабылдау барысында тұрғындардың қаржылық түйткілдері қаралып, оларға нақты бағыт-бағдар берілуі – осы тұжырымдаманың нақты іске асқан көрінісі.

Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары жалғасып, әрбір азаматтың өзекті мәселесін шешуге ықпал етпек. Бұл – халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының күнделікті өмірде жүзеге асып келе жатқанының айқын дәлелі.

Leave a reply