Өз ісіне берілген педагог

Базарбаева Хафиза Боранбайқызы – шәкірт тәрбиелеуді өмірлік мақсатына айналдырған, адалдығы мен еңбекқорлығымен танылған ұстаз. Ол 1985 жылдың 7 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабы) дүниеге келген.
Балалық шағында-ақ кітапқа құмар, білімге ынталы болып өскен Хафиза Боранбайқызы 1993 жылы мектеп табалдырығын аттап, 2004 жылы үздік аттестатпен бітірді. Армандары оны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жетеледі. Сол арманын ақтап, 2008 жылы қызыл дипломмен тәмамдады.
Сол жылдан бері 17 жыл уақыт бойы ұстаздық жолынан айныған жоқ. Оның 14 жылын Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы №113 мектепке арнаса, бүгінде №139 мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқытып, жас буынға бағыт-бағдар беріп жүр.
Хафиза Боранбайқызы – «Педагог-зерттеуші» санатының иегері. Оқушылары түрлі қалалық, аудандық олимпиадалар мен байқауларда жүлдегер атанып жүр. Ол тек сабақ беріп қана қоймай, қалалық семинарларда тәжірибе таратып, «Қазақ тілі сабақтарында қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер» тақырыбында тренингтер өткізеді. Бүгінгі цифрлық дәуірге сай, заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, білім сапасын арттыруға үлесін қосып келеді.
Сынып жетекшісі ретіндегі еңбегі де елеулі. Түлектерін үлкен өмірге дайындап, әрқайсысына қамқорлықпен қарайды. «Ұстаз болу – тек білім беру емес, адалдыққа баулу» деген ұстанымды басшылыққа алған ол балаларды бір-біріне құрметпен қарауға, қоғамға адал қызмет етуге шақырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат – әділетті қоғамның тірегі» деген сөздері Хафиза Боранбайқызының еңбегімен тікелей үйлеседі. Ол оқушыларды әділ бағалап, жаңа әдістерді үзбей іздеп, еңбекқорлыққа үйретеді. Сынып сағаттарында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дебат пен пікірталас клубтарына қатыстыра отырып, олардың ой-өрісін кеңейтеді. Бұл – болашақта елге адал қызмет ететін, білімді әрі отансүйгіш жастарды тәрбиелеудің бір жолы.
Әріптестері оны бастамашыл, жаңашыл ұстаз деп бағалайды. Мектептің мәдени іс-шараларына белсене қатысып, ұйымшылдығымен ұжымға серпін береді. Ал оқушылары үшін ол – тек ұстаз емес, өмірлік жол сілтер сенімді тұлға.
Базарбаева Хафиза Боранбайқызы – «Адал азамат» тұжырымдамасына сай келетін, өз мамандығына адал, шәкіртінің болашағына шын жанашыр педагог. Оның мақсаты – әрбір шәкірті білімді ғана емес, әділ, адал, еңбекқор азамат болып қалыптасуы.
Міне, нағыз ұлттың болашағына адал қызмет етудің үлгісі осы.













