Адал еңбек пен табандылықтың үлгісі

Бүгінгі таңда елімізге шын мәнінде адал еңбек етіп, кәсібін абыроймен атқарып жүрген азаматтар қажет. Солардың бірі – шымкенттік Жамалов Бауыржан Салдарұлы. Ол 1971 жылдың 27 шілдесінде Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Баяут ауданында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Жастайынан еңбекқорлық пен жауапкершілікті серік еткен ол білім жолында да, кәсіби қызметінде де табандылығымен ерекшеленді.
Бауыржан Салдарұлы 1988-1993 жылдары Ташкенттегі Тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институтында инженер-механик-технолог мамандығын игерді. Бұл оның алғашқы кәсіби қадамы болатын. Кейін 1998-2002 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтында заңгер мамандығын алып, біліктілігін арттырды. Әр саланы игеріп, терең меңгеруі оның жан-жақты білімге, тәжірибеге ұмтылғанын айғақтайды.
Еңбек жолын ол 1995 жылы «Мырзакент» акционерлік қоғамында өндіріс бастығы қызметінен бастады. Бірнеше жылдың ішінде басшылық қабілетімен көзге түсіп, 1998-1999 жылдары аталған кәсіпорында өндіріс директоры болып тағайындалды. Мақта өңдеу зауытының жұмысын ұйымдастыруда жаңашылдық танытып, өндірістің дамуына елеулі үлес қосты.
2005-2009 жылдары «Корпорация Мырзакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып, кәсіпорынның өркендеуіне еңбек етті. Ал 2009 жылдан бастап ол «AZALA Textile» компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы ретінде отандық тоқыма өндірісінің дамуына ықпал етіп келеді. Бұл салада ол еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті нығайтуға атсалысты.
Бауыржан Жамаловтың кәсіби жолы тек өнеркәсіппен ғана шектелмейді. Ол 2009-2013 жылдары Ресейдің Орынбор қаласындағы мұнай өндіруші компания – «Preobrazhensk-oil» акционерлік қоғамының директорлар кеңесін басқарды. Сонымен қатар 2009-2016 жылдары көпсалалы «Мырзакент-Холдинг» компаниясының атқарушы директоры болып, бизнестің бірнеше бағытын үйлестірді.
Қаржы саласында да белсенді еңбек етіп, 2011 жылдан бері «Банк Kassa Nova» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор қызметін атқарып келеді. Бұл – оның қаржы секторындағы беделі мен сенімге ие болғанының айғағы.
2018 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласында орналасқан «AZALA Group» ЖШС-нің Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде еңбек етуде. Компанияны басқарудағы тәжірибесі мен стратегиялық көзқарасының арқасында кәсіпорын жаңа белестерге көтерілді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірістік қуатты арттырып, өңірдің әлеуметтік ахуалына оң әсерін тигізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес, Бауыржан Салдарұлы өз өмірінде адалдық пен еңбекқорлықты басты құндылық етіп келеді. Әрбір атқарған ісі қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне қызмет етуімен ерекшеленеді. Оның кәсібіне адалдығы, елге деген жанашырлығы мен жауапкершілігі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.













