ШЕКАРАЛЫҚ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында елдің әрбір тұрғынының өтініші мен ұсынысын ескеріп, мемлекеттік шешім қабылдау кезінде азаматтардың пікірін басты назарға алу қажеттігі айтылған. Осы қағидатты жүзеге асырудың бір көрінісі ретінде «AMANAT» партиясы еліміздің әр өңірінде қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Мұндай кездесулер халықтың мұң-мұқтажын ашық айтуына, ал жауапты органдардың сол мәселелерді шешуге атсалысуына мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында өткен көшпелі қоғамдық қабылдау – осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек, қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Шаймарданов және Күршім ауданының әкімі Мейржан Альбеков қатысты.
Аудан тұрғындары негізінен «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу мәселесін көтерді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу, оларды тиімді пайдалану жайы да қызу талқыланды. Шекаралық аудандарда кәсіп ашу мен жүргізу оңай емес екені белгілі. Қаржы тапшылығы мен жерге қатысты түйткілдер кәсіпкерлердің де, қарапайым тұрғындардың да ең өзекті мәселесіне айналған.
Күршім тұрғыны Дәулетқан Тоқтаубаев: «Шекаралық аудандарда кәсіппен айналысу оңай емес. Қаржыға, жерге қатысты мәселелер жиі туындайды. Осындай қоғамдық қабылдаулар біз үшін үлкен көмек. Партия тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау арқылы ауылдағы кәсіпті дамытуға мүмкіндік бар екенін сезінудеміз», – деп ойын білдірді.
Көшпелі қабылдау барысында айтылған әрбір ұсыныс хаттамаға енгізіліп, жауапты мемлекеттік органдарға жеткізілетін болды. Партия өкілдері тұрғындардың өтінішін орындау мен түйткілді шешу – басты міндет екенін атап өтті. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға нақты мүмкіндік беретініне назар аударылды.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек: «Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті органдарға жолданады. Халықтың өтініш-тілегін орындау – біздің басты мақсатымыз. Әсіресе шекаралық аудандардың жағдайы біз үшін ерекше маңызды. Әрбір азаматтың «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы мүмкіндікті толық пайдалануы үшін қолдау көрсетеміз», – деді.
Айта кетейік, мұндай көшпелі қоғамдық қабылдаулар Шығыс Қазақстан облысының өзге аудандарында да жалғасады. Ертеңгі қабылдау Марқакөл өңірінде өтпек. Бұл іс-шаралар халықтың билікке сенімін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың саяси шешімдерге қатысу белсенділігін күшейтуге ықпал ететіні сөзсіз.













