САЙРАМ: «D» ЖӘНЕ «E» САНАТЫНДАҒЫ ОТБАСЫЛАР САНЫН АЗАЙТУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
35

Сайрам ауданында «Отбасын қолдау орталығы»  цифрлық карта негізінде «D» және «E» санатындағы отбасылар санын азайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша Сайрам ауданында әл-ауқат деңгейі «D – дағдарыс» және «Е – мүшкіл» санаттарына жатқызылған отбасылар анықталды. Аталған отбасыларды неғұрлым қолайлы санаттарға көшіру мақсатында «Отбасын қолдау орталығының» мамандары Сайрам ауданына қарасты 11 ауылдық округ бойынша «D» және «Е» санатындағы отбасыларға қатысты мәліметтерді нақтылап, олармен атқарылатын іс-шаралардың бағыттарын айқындап, деректерді өзектендіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдар басшыларымен бірлескен кездесулер ұйымдастырылып, «D» және «Е» санатындағы отбасыларды қолайлы әлеуметтік санаттарға көшіру бойынша туындайтын мәселелер талқылануда. Бұл ретте өзара тиімді ынтымақтастық пен үйлесімді іс-қимылға баса назар аударылуда.

Айта кетейік, отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесіне сәйкес, Цифрлық карта экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық сақтау, білім беру бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалайды және отбасыларды 5 санат (А – жақсы деңгей, В – қанағаттанарлық деңгей, С — төмен деңгейде, D – дағдарыс деңгей, Е-мүшкіл деңгей) бойынша бөледі.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

ОЦК (отбасының цифрлік картасы — автор) енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; Бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Leave a reply