
Демографиялық өсім бойынша Түркістан облысы республикада көш басында тұр.
2025 жылдың шілде айындағы ресми дерекке сәйкес, Түркістан облысының халық саны 2,151 миллион адамға жетті. Оның ішінде 74,7%-ы ауылдық жерлерде, 25,3%-ы қалаларда тұрады. Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырғанда Түркістан облысында туу деңгейі ең жоғары. 2024 жылы мұнда 57 мыңнан астам бала дүниеге келген, ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 23 391 бала болды. Ал, облыстағы ең көп халқы бар аудандардың бірі – Сайрам ауданында халық саны — 240 251 адамды құрайды.
Ауданда жыл сайын көпбалалы аналардың қатары артып келеді. Аналарды ұлықтау мақсатында, Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген көпбалалы аналар “Алтын” және “Күміс” алқалармен марапаттады. Аудан көлемінде 1238 — алтын алқа, 3111 — күміс алқа иегерлері тұрады. Бүгін 30 аяулы анаға “Алтын” және “Күміс” алқа табысталды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Муздыбеков Руслан Орынбекұлы қатысып, алтын құрсақты аналарды құттықтап, құрмет көрсетті.
«Ана – төрт ұйқысын төрт бөліп, бесік тербеткен, балаларының болашағы үшін көзсіз ерлікке баратын жан. Бүгін біз отбасының тірегі, мейірімнің кені – аналарымызды ұлықтап, мерейін үстем етіп, арнайы шақырып отырмыз. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді» тербеткен аналарымыз қандай құрметке де лайық!» деді аудан әкімінің орынбасары.
Атап өтейік, Түркістан облысында 1,2 миллионға жуық әйел тұрады. Әйелдердің жалпы үлесі халықтың 49,2%-ын құрайды. Яғни, облыстағы аналар мен қыз-келіншектер демографиялық өсімнің негізгі қозғаушы күші болып отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында көпбалалы аналарға, жалғызбасты әйелдерге және әлеуметтік осал топтарға арнайы қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Түркістандағы отбасын қолдау орталықтары мен FSM Social мобильді қосымшасы аналардың әлеуметтік, психологиялық және құқықтық мәселелерін шешуге көмектесуде.
Облыстағы халықтың жас құрылымы да ерекше: әрбір бесінші қазақстандық бала Түркістан өңірінде дүниеге келеді. Бұл – ел болашағы үшін үлкен демографиялық артықшылық.













