Жұмыс берушілерге жаңа талаптар түсіндірілді

2025 жылғы 26 қыркүйекте Кентау қалалық Мансап орталығының Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің маманы Қ.Черенбекова қаладағы ірі және орта кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді аралап, Enbek.kz электронды еңбек биржасына қатысты заңнамада енгізілген өзгерістер жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл шараның негізгі мақсаты – жұмыс берушілерге портал арқылы ұсынылатын жаңартылған қызмет түрлерін, сондай-ақ заңнамалық өзгерістерге сай талаптарды тиімді қолдану жолдарын түсіндіру. Сонымен қатар, кездесулер барысында Enbek.kz платформасының мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану арқылы кадр мәселелерін шешу және жұмыспен қамту үдерісін оңтайландыру жайы да сөз болды.
Жұмыс берушілерге әлеуметтік жұмыс орындарын құру, субсидияланатын жұмыс орындарына өтінім беру, онлайн режимде бос жұмыс орындарын жариялау, сондай-ақ жұмыс іздеушілермен тиімді байланыс орнату мүмкіндіктері туралы нақты ақпарат берілді. Мамандардың айтуынша, порталдағы жаңартылған талаптарды уақтылы түсіну – қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
Кентау қалалық Мансап орталығы алдағы уақытта да жұмыс берушілермен тығыз байланыста болып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл – жергілікті еңбек нарығын дамыту және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайтудың тиімді жолы.












