
Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында ерекше тарихи оқиға орын алды. Қаланың басты даңғылдарының бірінде жаңа демалыс орны – Сақ Мәуленқұлов атындағы саяжол салтанатты түрде ашылды. Бұл игі бастама – кенді қала тарихына елеулі үлес қосқан тау-кен саласының ардагері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Құрметті кеншісі Сақ Мәуленқұлұлы Мәуленқұловтың есімін ұлықтауға арналған.
Ашылу рәсіміне Кентау қаласының әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасов, кенші ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және Сақ Мәуленқұлұлының туған-туыстары қатысты. Жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеген қала басшысы Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмірі мен қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. “Ағамыздың есімі – жерлестері үшін әрдайым мақтаныш. Қаланың қалыптасуына аға буын өкілдері қосқан үлес ел жадында мәңгі сақталады. Сақ Мәуленқұлов есімін қала саяжолына беру – өскелең ұрпаққа тағылымды өнеге”, – деді әкім.
Шара барысында кенші ардагерлер Исахан Жұмабайұлы, Абибулла Куштаев, қоғам қайраткері, Кентау қаласының бұрынғы әкімі Болат Жылқышиев те сөз сөйлеп, Сақ Мәуленқұловтың есімін ұлықтаудың маңызын атап өтті. Саяжол бойымен жүріп өткен қала тұрғындары мен қонақтар естелік суретке түсіп, жаңа демалыс орнын аралап көрді.
Сақ Мәуленқұлұлы Мәуленқұлов – XX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның тау-кен саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға. Ол 1926 жылы 15 маусымда Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын соғыс жылдарында бастап, бар ғұмырын жер қойнауын игеруге, өндірісті дамытуға арнады.
1944 жылы Шымкент тау-кен техникумына түсіп, білім алған. Оқуын аяқтаған соң «Мирғамсай» шахтасында жұмыс істей бастады. 1946 жылы Алматы тау-кен институтының геодезиялық факультетіне оқуға түсіп, кәсіби маман ретінде қалыптасты. 1958 жылы Қызылорда облысында орналасқан «Aralsulfat» зауытының директоры қызметіне тағайындалды. 1970 жылы КСРО түсті металлургия министрлігінің бұйрығымен «Ачполиметалл» комбинатының бас инженері болды.
Өндіріс саласына енгізген жаңа технологиялары мен жаңалықтары үшін ол КСРО-ның өнертапқышы ретінде мойындалды. Тау-кен саласына қосқан үлесі үшін 1970 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Сақ Мәуленқұловтың еңбегі кеңестік және тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жоғары бағаланды. Ол көптеген мемлекеттік ордендер мен медальдардың иегері: КСРО-ның «Қазан төңкерісі» ордені, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Шахтер Даңқы» орденінің I, II, III дәрежелері, КСРО өнертапқышы белгісі, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген құрметті кеншісі, КСРО Еңбек ардагері медалі, «Ұлы Отан соғысына 60, 65, 70 жыл» мерекелік медальдары, 2008 жылғы «Астанаға 10 жыл», 2011 жылғы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», 2015 жылғы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», 2016 жылғы «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» медальдары және Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты – «Отан» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, Сақ Мәуленқұлов Түркістан облысының және Кентау қаласының Құрметті азаматы атанған.
2016 жылы 90 жас мерейтойына орай Елбасы атынан арнайы Алғыс хатпен құттықтау берілген. Ол – өзі туып-өскен қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін қадірлі тұлға. Еңбекке адалдықтың, жаңашылдықтың және отансүйгіштіктің үлгісі болған ардагердің есімімен аталатын жаңа саяжол – Кентау қаласы тұрғындары үшін ерекше рухани және тарихи маңызға ие. Бұл тек бір адамның емес, тұтас бір дәуірдің, тау-кен саласында маңдай терін төккен аға буынның еңбегіне берілген үлкен баға. Жаңа саяжол — тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналып, елге қызмет еткен ерлердің еңбегін еске салып тұратын тірі ескерткіш болмақ.











