«Ағылшын тілі – болашақтың тілі, ұстаздық – жүректің ісі»

Ағылшын тілін меңгеру – бүгінгі заманның басты талабы. Ал сол тілді үйрету, оны тек грамматика мен сөздік қор деңгейінде емес, ойлау мәдениеті, дүниетаным кілті ретінде жеткізу – нағыз шебер ұстаздың қолынан ғана келеді. Шымкент қаласындағы №89 IT мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ашенова Айнұр Сәулебекқызы – дәл сондай ұстаздардың бірі.
Айнұр Сәулебекқызы 2007 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығын тәмамдап, өмірін ағартушылық жолға арнады. Кейін магистрлік дәрежесін алып, ірі университеттерде аға оқытушы болып еңбек етті. Тек студенттерге ғана емес, қала мен аудан мектептерінің мұғалімдерін ағылшын тілін CLIL бағыты бойынша оқытуға атсалысып, тәжірибелі менторға айналды.
Ұстаздың еңбек жолы сан түрлі белестерге толы. Ол «Елбасы медалі» жобасының тәлімгері ретінде жастарға бағыт-бағдар берсе, түрлі білім беру орталықтарында шәкірттерді TOEFL, IELTS сияқты халықаралық емтихандарға даярлап, талай жастың болашаққа жол ашуына себепші болды. «Білімді ұрпақ – ел ертеңі» деген қағиданы өмірінің ұстанымына айналдырған ол, шәкірттерінің әр жетістігін өзінің жеңісі санайды.
Айнұр Сәулебекқызының кәсіби шеберлігі республикалық деңгейде де мойындалды. «PEDSTART» республикалық олимпиадасында I орын иеленіп, «Ең білімді педагог» атануы – соның дәлелі. Сонымен қатар, ғылыми-әдістемелік мақалалары мен тәжірибелері республикалық басылымдарда жарық көріп, педагогикалық қауымдастыққа кеңінен тарады.
Ол тек білім саласында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді. Спортқа деген құштарлығы арқасында қалалық спартакиадада әйелдер арасындағы волейбол жарысында жүлделі орын иеленді. Бұл – оның жан-жақты тұлға екенінің айғағы.
Айнұр Сәулебекқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Білім басқармасы мен түрлі қоғамдық ұйымдардың алғыс хаттары, құрмет грамоталары – оның абыройлы еңбегінің жемісі. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің сенімі мен жетістігі.
Қазір ол IT бағытындағы заманауи мектепте жас ұрпақты ағылшын тіліне баулып жүр. Жаңа технологияларды ұштастыра отырып өткізетін сабақтары оқушылардың қызығушылығын оятады. Өйткені ол үшін ағылшын тілі – жай пән емес, оқушыға болашақтың есігін айқара ашатын құндылық.












