Адал азамат – ұрпаққа үлгі болған ұстаз

0
99

Каюпова Роза Оразгелдіқызы – бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған адал жан. Ол үшін ұстаздық қызмет – жай ғана мамандық емес, жүректің қалауы, ұлтқа адал қызмет етудің ең биік жолы.

Білім жолындағы ізденісі ерте басталған Роза Оразгелдіқызы оқу-білімнің мәнін терең түсініп, үздіксіз дамуды өмірлік қағидасына айналдырды. Ол алғашында М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, кейіннен білімін жетілдіріп, қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ педагогика және психология мамандықтары бойынша жоғары білім алып шықты. Бұл – ұстаздыққа деген адалдығының айқын дәлелі.

2001 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектепте қызмет етіп, талай шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жақты. Ол әр сабағында тек білім беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас буынға адалдық пен адамгершіліктің биік үлгісін көрсетіп келеді.

Каюпова Роза Оразгелдіқызының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасынан бастап, республикалық және қалалық деңгейдегі марапаттары – оның қажырлы еңбегінің жемісі. «Тіл татулық тірегі» эссе байқауында бас жүлде алуы, «Ең үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі» атағын иеленуі, республикалық «Үздік ҚМЖ» байқауында жүлдегер атануы – оның кәсіби шеберлігінің көрсеткіші.

Ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкірттерінің табысы. Ол балаларды түрлі шығармашылық, ғылыми-практикалық байқауларға қатыстырып, олардың талантын ұштауға бар күшін салып жүр. Жас ұрпақты ғылымға баулып, рухани құндылықтарды қадірлеуге үйретуі – оның адалдықпен жасаған еңбегінің бір қыры ғана.

Ғылыми-әдістемелік мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып, заманауи білім беру мәселелерін көтеруі де – оның тек мектеп қабырғасымен шектелмей, бүкіл қоғамға үлес қосып жүргенін дәлелдейді. «Әдебиеттанудың жаңа бағыттары», «Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері» секілді еңбектері – болашақ ұстаздарға да бағыт-бағдар боларлық дүниелер.

Каюпова Роза Оразгелдіқызы – адал азаматтың айқын бейнесі. Ол өз адалдығын тек кәсіби еңбегінде ғана емес, күнделікті өмірінде де танытып келеді. Жас ұрпақты адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу арқылы қоғамға шынайы үлес қосып жүр.

Адал азамат – елдің берекесі. Осындай ұстаздардың арқасында қазақ мектебі биікке көтеріліп, ұлт болашағы баянды болмақ. Роза Оразгелдіқызының өнегелі жолы – ұрпаққа үлгі, жас ұстаздарға бағдаршам іспетті.

Leave a reply