Адал еңбегімен абырой тапқан ұстаз

Қожабекова Гүлім Сағымбайқызы – өз өмірін жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнаған ардақты ұстаз. Ол 2005 жылы Қазақ ұлттық қыздар институтының бастауыш сынып педагогика факультетін тәмамдап, ұстаздық жолын Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы №50 мектептен бастады. Ал 2012 жылдан бері Шымкент қаласындағы №74 жалпы орта білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Еңбек өтілі жиырма жылды құрайтын педагог бүгінде «Педагог-модератор» біліктілік санатына ие.
Гүлім Сағымбайқызы үшін мұғалімдік – тек мамандық емес, жүрек қалауынан туындаған ұлы борыш. Оның әр сабағында жас ұрпаққа біліммен бірге адалдықты, еңбекқорлықты, отансүйгіштікті сіңіру басым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасы дәл осындай ұстаздардың өмір жолынан көрініс табады.
Кәсіби ізденістің арқасында ол республикалық және халықаралық деңгейде танылып, білім саласына қосқан үлесі үшін көптеген марапаттарға ие болды. 2020 жылы пәндік олимпиадада үздік нәтиже көрсеткені үшін ІІІ дәрежелі дипломмен, сондай-ақ «Эрудит» және «Жас ғалым» орталықтарының алғыс хаттарымен марапатталды. 2021 жылы «Жас ғалым-жастар» ұйымының грамотасын, кәсіподақ тарапынан алғыс хат алды.
2022 жыл ұстаз үшін жемісті болды. Ол «Ханталапай» байқауына қатысып, алғыс хатқа ие болды, Шымкент қалалық мәслихаты мен Білім басқармасының әдістемелік орталығының құрметіне бөленді. Сонымен қатар, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы ұйымдастырған байқауда І орынға қол жеткізіп, «Қазақ елінің Құрметті педагогі» төсбелгісімен марапатталды.
Шығармашылық ізденістің тағы бір көрінісі – ғылыми-әдістемелік басылымдарда еңбектерінің жариялануы. «Білім әлемі» журналында жарық көрген мақалалары педагогтың тәжірибесімен бөлісудегі белсенділігін айқындаса, 2024 жылы «Мектеп» журналы оның еңбегін жоғары бағалап, І дәрежелі диплом табыстады.
Гүлім Сағымбайқызының еңбегінің шынайы жемісі – оның шәкірттері. Білімді де зияткер ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі үшін 2024 жылы арнайы алғыс хатпен марапатталуы – осының айғағы.












