Кентау қаласында жылыжайдағы жұмыс жанданып келеді

Кентау қаласында ауыл шаруашылығы бағытындағы жаңа бастамалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Соның ішінде жылыжай шаруашылығы – қала экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын құруда маңызды бағыттың біріне айналып отыр.
Жуырда қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасов 2023 жылдан бері жұмысын бастаған жылыжай кешенінің қызметімен танысты. 1 гектар аумақты қамтитын бұл нысанда қазіргі таңда қияр өсірілуде.
Жеке кәсіпкерге қарасты «Інжу» ЖШС қолға алған жобаның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады. Қазіргі уақытта мұнда 10-нан аса адам уақытша жұмыспен қамтылған. Өткен жылы шаруашылық 30 тонна өнім жинаса, биылғы жылы бұл көрсеткішті 35 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Шаруашылық иесі алдағы уақытта тек қиярмен шектеліп қалмай, өзге де бау-бақша өнімдерін өсіруді қолға алатынын жеткізді. Сонымен қатар, жылыжай аумағын кеңейтіп, жұмыс орындарын көбейтуді көздеп отыр.
Кездесу барысында қала әкімі Жандос Тасов кәсіпкерге мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға кеңес берді. Ол осындай жобалардың қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін, сондықтан жергілікті билік тарапынан қолдау жалғасатынын атап өтті.












