Өнер мен еңбектің ұстазы

0
37

Ұстаздық – бір қарағанда жай ғана мамандық сияқты. Бірақ шынында ол – ұлттың болашағын тәрбиелейтін қасиетті кәсіп. Бұл жолға түскен жан өз өмірін шәкіртке арнап, әрбір күнін ізденіс пен жауапкершілікке жұмсайды. Осындай адал да еңбекқор ұстаздардың бірі – Ағыбаев Қыдырәлі Бектұрғанұлы.

1968 жылдың қоңыр күзі – 3 қыркүйекте өмір есігін ашқан ол бала кезінен қолөнерге, сурет пен сызуға ерекше қызығатын. Қағазға түсірген әрбір сызығы болашақ арманын айқындағандай еді. Осы құштарлығы оны Шымкент педагогикалық институтына жетеледі. 1985-1992 жылдары осы оқу орнында білім алып, ұстаздық жолға қадам басты. Уақыт өте келе бұл таңдаудың кездейсоқ емес, өмірлік миссия екенін өзі де, шәкірттері де айқын сезінді.

27 жылдық еңбек жолының кейінгі 12 жылын Қыдырәлі Бектұрғанұлы Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында өткізіп келеді. Бұл мектепте ол графика және жобалау, көркем еңбек пәнінен сабақ беріп қана қоймай, шәкірттерін өнерге, ұлттық рухқа, еңбекқорлыққа тәрбиелеуде. Оның айтуынша, әрбір сызық пен әрбір қолөнер бұйымы – баланың қиялын тәрбиелеп, табандылығын қалыптастырады.

Еңбегінің жемісі мол. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлде иеленіп жүр. Ал ұстаздың өзі «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің, «Адал еңбегі үшін» медалінің, «Білім беру ісінің үздігі» марапатының иегері. Бұдан бөлек, «Ерен еңбегі үшін» медалі, республикалық көрмелер мен фестивальдердегі дипломдар – оның қажырлы еңбегінің дәлелі. Әсіресе қолөнер байқауларында шәкірттерімен бірге алған жүлделері ұстаз еңбегінің орасан зор екенін көрсетеді.

Қыдырәлі Бектұрғанұлы үшін ұстаздық – тек білім беру емес, құндылықтарды бойға сіңіру. Ол әр сабағында адалдықты, әділдікті, еңбекқорлықты үлгі етеді. «Адамның еңбегі – оның ең үлкен байлығы» деген ұстанымды шәкірттерінің санасына сіңіріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасында айтылған «Жаңа Қазақстанға әділ, еңбекқор, білімді азаматтар қажет» деген сөзі дәл осы ұстаздың өмірлік ұстанымымен үндесіп тұр.

Қыдырәлі Бектұрғанұлы шәкірттерімен бірге республикалық «Елімнің 30 ғажайып ғимараты» атты байқауға қатысып, бас жүлдені иеленді. Бұл жеңіс – тек қолөнердің емес, ұлт тарихына, мәдениетіне деген құрметтің нәтижесі. Ол әр туындысында жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды бағалай білуге үйретеді.

Ол шахматтан да жүлделі орын иеленіп, өзінің жан-жақтылығын көрсеткен. Мұғалім үшін спорт, өнер, ғылым – бәрі бір-бірімен сабақтас, бәрі тұлғаны тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс. Сондықтан ол әрқашан жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады.

Қыдырәлі Бектұрғанұлы – тек өз ісіне берілген ұстаз ғана емес, нағыз тәлімгер. Оның шәкірттері ертеңгі күні инженер, сәулетші, дизайнер, педагог болсын – бәрі ең әуелі «адал еңбек етуді» осы ұстазынан үйренді. Бұл – кез келген марапаттан биік жетістік.

Әрбір шәкірті үшін ол тек мұғалім емес, өмірлік бағыт-бағдар беретін тұлға. Адал еңбек пен өнерге деген сүйіспеншілігін шәкірттеріне дарыта білген Қыдырәлі Бектұрғанұлы – «Адал азамат» тұжырымдамасының нақты үлгісі. Оның жүріп өткен жолы – адал еңбектің, жауапкершіліктің және елге деген шынайы қызметтің айғағы.

Leave a reply