
Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша еліміздегі көш бастап келеді. Өткен жылы аймақта 56 мыңға жуық нәресте туған. Ал, 2024 жылдың алғашқы 5 айында 20 мың 859 сәби дүние есігін ашқан.
Еліміздегі демографиялық жағдайды жақсарту мен көпбалалы аналарды қолдау мақсатында жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Көпбалалы жанұяларға материалдық көмек көрсету, жәрдемақы төлеу, баспанамен қамту, салықтан босату секілді жеңілдіктер нәтижесінде бала туу көрсеткіші анағұрлым жоғарылаған.
Көпбалалы отбасылардың бірі — Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын Бабашевтар отбасы. Жеті құрсақ көтерген Роза Қарақұлованың тұңғышы 20 жаста болса, кенже ұлы енді ғана бір жасқа келген. Көпбалалы ана мемлекеттен берілетін жәрдемақылардың көп көмегін тиетінін айтады.
Жеті балаға 110 мың теңге, кішкентай балаға 1,5 жасқа дейін 35 мың теңге қаржылай көмек аламын. Бұл қаражаттар балалардың киімі мен қажеті заттарын алуға жетеді, дейді Роза ханым.
Ресми статистикаға сүйенсек, көпбалалы аналардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Яғни, 185 мыңнан аса жанұяда кәмелет жасына толмаған төрт және одан көп перзенті бар 9 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, баспана бөлінгенде де көпбалалы жанұяларға басымдық беріледі. Сондай-ақ демеушілер есебінен де көп қолдау көрсетіліп келеді.
Атап өтейік, елімізде көпбалалы және жаңадан босанған аналарға 5 түрлі жәрдемақы төленеді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 түрлі әлеуметтік төлем қарастырылған.
Түркістан облысында көпбалалы отбасы саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қазірдің өзінде өңірде 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар болса, олардың 60 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері.
Сала мамандары елдегі тұрақтылық пен мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында жыл санап демографиялық өсім байқалып, 4 және одан көп отбасылардың көбейіп жатқанын айтады.













