Адал еңбегімен танылған ұстаз

Ұстаздық – адалдық пен табандылықты, ізденіс пен жауапкершілікті қатар талап ететін киелі мамандық. Өмірін осы салаға арнап, білім беру жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматтардың бірі – Нарымбетова Әсия Пердабайқызы. Бүгінде ол Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №89 ІТ мектеп-лицейінде директордың бейін бойынша оқыту жөніндегі орынбасары, көркем еңбек пәнінің мұғалімі әрі педагог-зерттеуші санатындағы тәжірибелі ұстаз.
Әсия Пердабайқызы 1979 жылдың 17 қарашасында дүниеге келіп, өмір жолын қарапайым еңбекпен бастады. 2003-2007 жылдары Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде кәсіптік оқыту мамандығын меңгеріп, жоғары білім алды. Ал ұстаздық еңбек жолын 2004 жылы Мақтаарал ауданындағы «Мырзакент» жалпы орта мектебінде бастаған. Мұнда ол сегіз жыл бойы жас ұрпаққа еңбек пәнінен сабақ беріп, балалардың еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа баулу ісінде мол тәжірибе жинады. 2012 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №89 мектеп-лицейінде қызмет атқарып, ал 2015 жылдан осы білім ордасының басқару ісіне араласып, директордың орынбасары қызметін атқаруда.
Ол – адал еңбегімен танылған педагог. Тәжірибесін жетілдіруді тоқтатпай, жаңа заманға сай ізденіспен жұмыс істеп келе жатқанының айғағы – алған марапаттары мен жетістіктері. 2018 жылы «Самғау» республикалық орталығынан І дәрежелі диплом мен «Ахмет Байтұрсынов» төсбелгісін иеленуі – оның еңбегінің жоғары бағаланғанының дәлелі. Сол жылы-ақ «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында облыстық және республикалық кезеңдердің І дәрежелі дипломын иемденді.
Кейінгі жылдары да ол түрлі деңгейдегі республикалық байқауларда үздік танылып келеді. 2022 жылы «ПедСтарт» байқауында, 2023 жылы «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсында І дәрежелі дипломдарды иеленді. Сонымен қатар, «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында еңбегі ерекше аталып өтті. Мұндай жетістіктері оның әдістемелік ізденімпаздығын, жаңа білімді меңгеруге деген ынтасын, шығармашылық қабілетін дәлелдейді.
Әсия Пердабайқызының ұстаздық жолындағы тағы бір ерекшелігі – әрдайым қоғам өміріне белсене араласуы. Шымкент қаласы білім басқармасы, «Дарын» орталығы, Кіші ғылым академиясы, түрлі қоғамдық ұйымдар мен орталықтар тарапынан берілген алғыс хаттары – оның мектеп қабырғасынан тыс та көптеген жобаларға үлес қосқанын көрсетеді. 2020 жылы «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» төсбелгісімен марапатталуы – педагогтың ел алдындағы еңбегіне берілген үлкен құрмет.
Бүгінде ол жас мамандарға тәлімгер болып, ұстаздық жолдың жауапкершілігін сезінуге баулиды. Әрбір жетістігін тек жеке табыс деп емес, мектеп ұжымы мен шәкірттерінің ортақ жеңісі деп қабылдайды. «Мақсатым – жас ұрпақты еңбекқор, табанды, елжанды етіп тәрбиелеу, олардың бойында жауапкершілік пен ізденімпаздықты дамыту» дейді ол.
Шәкірттері үшін жанын салып еңбек ететін, кәсіби ізденістен жалықпайтын, қоғамға пайдасын тигізуді абырой санайтын Нарымбетова Әсия Пердабайқызы – адал еңбегімен танылған, ұлағатты ұстаздардың бірі.













