Ұрпаққа таза еңбекпен үлгі көрсеткен ұстаз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы қоғамның тірегі – адал еңбек пен кәсібилік екенін атап көрсетеді. Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырып, 30 жылдан астам уақыт бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келе жатқан тұлғалардың бірі – Шертаева Гүлпаш Еркебекқызы.
1972 жылы 19 наурызда дүниеге келген Гүлпаш Еркебекқызы 1990–1996 жылдары Алматы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін 2005–2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінде педагогика және бастауышты оқыту әдістемесі мамандығы бойынша білімін жетілдірген. 1991 жылдан бері білім беру саласында еңбек етіп, 2016 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызмет етеді. Педагог-зерттеуші санатының иегері ретінде ол тек пәнді оқытып қана қоймай, оқушының бойындағы қабілетті ашуға ерекше мән береді.
Гүлпаш Еркебекқызының еңбегі бірнеше мәрте мемлекеттік және кәсіби марапаттармен бағаланды. 2018 жылы «Үздік мұғалім» төсбелгісі мен дипломға ие болса, 2020, 2022, 2023 жылдары Шымкент қаласы білім басқармасы және әдістеме орталығының алғыс хаттарымен марапатталды. 2023 жылы «Өрлеу» ғылыми журналында ұйымдастырылған «Үздік педагог» байқауында І орын иегері атанды. 2024 жылы «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталып, шәкірттері де республикалық және облыстық олимпиадалардың жүлдегерлері болды. Олардың ішінде 2–4 сынып оқушыларына арналған XVIII республикалық «Бастау» математикалық олимпиадасының II дәрежелі дипломы және «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының облыстық кезеңінің II дәрежелі дипломы бар.
Гүлпаш Еркебекқызы үшін ұстаздық тек мамандық емес, өмірлік миссия. Ол әр сабақта оқушының білімін жетілдірумен қатар, тәрбие мен ізгілік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше назар аударады. Заманауи білім беру технологияларын сабаққа енгізіп, дарынды балалармен жұмыс жасауда үздік тәжірибесін көрсетіп келеді.
Ұстаздық жолы мен шәкірттеріне адал қызметі – Президент Тоқаев айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Шертаева Гүлпаш Еркебекқызының ғұмырлық еңбегі қоғамға үлгі, ұлттық білім мен тәрбиеге қосқан елеулі үлесі болып қала береді. Мұндай ұстаздар – ұрпаққа бағыт, білімге сенім, болашаққа кепіл.













