Әрбір өтініш – қоғамның шынайы сұранысы

0
45

Азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар «AMANAT» партиясының қызметінің өзегіне айналған. Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті қабылдауда мәслихат депутаты, фракция мүшесі Бақытжан Позилов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады.

Кездесу барысында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар, көпбалалы аналар мен зейнеткерлер несие жүктемесін азайту, жұмысқа орналасу және коммуналдық жеңілдіктер алу бағытында өз өтініштерін жеткізді. Әрбір мәселе жеке қаралып, заң аясында нақты түсіндірме берілді. Мәселен, жалғызбасты көпбалалы ана Карима Хайдарбекова несиесін өтеуге қатысты көмек сұрады. Депутат оның өтінішін жеке бақылауына алып, демеушілер арқылы нақты қолдау көрсетуге уәде етті.

Мұндай қоғамдық қабылдаулар – билік пен халық арасындағы өзара сенім мен ашық диалогтың нақты көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру – тек ресми қағида емес, мемлекетті басқарудың жаңа мәдениеті. Бұл бастама билік институттарының азаматтарға барынша жақындап, әрбір өтінішке бейжай қарамауын көздейді. Тиісінше, партия мүшелері мен жергілікті өкілдер елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге тікелей араласып, нақты әрекет арқылы жауап беріп келеді.

Қабылдау нәтижесінде бірқатар өтініштер бойынша көмек көрсетіліп, кей азаматтарға тұрмыстық заттар мен балалар киімдері берілді. Коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер алу тәртібі түсіндіріліп, несиелік қиындықтарды реттеу жөнінде құқықтық кеңес берілді. Шешімі ұзақ мерзімдік бақылауды қажет ететін өтініштер партия мен депутаттың тұрақты назарында қалды.

«AMANAT» партиясы үшін әрбір азаматтың үнін есту – басты қағида. Халықтың өтінішіне дер кезінде жауап беру мен нақты көмек көрсету – қоғам сенімін нығайтудың ең тиімді жолы.

Leave a reply