Ұстаздық жол – адалдықтың айнасы

0
77

Адалдық, еңбекқорлық пен табандылық – нағыз ұстазға тән қасиеттер. Шәкірт жүрегіне білім мен тәрбие дәнін себу – бұл жай ғана мамандық емес, ол – өмірлік миссия. Осындай қасиеттерді бойына дарытып, 30 жылға жуық уақыт бойы ұрпаққа адал қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Медеева Гүлзат Рахметқызы.

Гүлзат Рахметқызы 1976 жылдың 22 сәуірінде дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар, ізденімпаз болған ол болашақта ұстаз болуды армандады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтап, кәсіби өмірін ұстаздық жолмен байланыстырды. Бүгінде З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиетін орыс сыныптарында оқытып, жас ұрпақты ана тілін қастерлеуге баулып келеді.

Мемлекеттік тілді өзге тілді ортада үйрету – үлкен жауапкершілік. Бұл тек грамматикалық білім беру емес, тіл арқылы ұлттық болмысты, салт-дәстүрді, мәдениетті таныту. Осы орайда Гүлзат Рахметқызы оқушыларға білім берумен қатар, олардың бойында туған жерге, ана тіліне деген сүйіспеншілікті оята біледі.

Ол 30 жылдық еңбек жолында үздіксіз ізденіп, әдістемелік шеберлігін жетілдіріп келеді. Қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды сабақ барысында тиімді қолданып, оқушылардың қызығушылығын арттыруға күш салады. Әр сабағын шәкірт жүрегіне жол табатындай етіп құруы – оның кәсіби шеберлігінің дәлелі.

Ұстаздың еңбегі шәкірт жетістігімен өлшенетіні белгілі. Гүлзат Рахметқызының оқушылары республикалық, қалалық олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің нәтижесі әрі шәкіртке деген жанашырлықтың көрінісі.

Оның ұстаздық жолдағы жетістіктері талай мәрте лайықты бағасын алды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, облыстық және қалалық білім басқармалары тарапынан алғыс хаттар, құрмет грамоталары, мадақтамалармен марапатталды. Әсіресе, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауында жүлделі орын алуы оның жаңашыл ойлайтын, тәжірибелі маман екенін айқын көрсетті.

Гүлзат Рахметқызы үшін ең қымбат марапат – шәкіртінің жүрекжарды алғысы. Ол әрбір баланың жетістігін өз қуанышындай қабылдайды. Оның айтуынша, ұстаздық еңбектің басты жемісі – шәкірттің білімді, тәрбиелі, елге адал азамат болып өсуі.

Адал азамат болу – тек өз ісін мінсіз атқару ғана емес, елдің болашағына қызмет ету. Медеева Гүлзат Рахметқызы – нағыз адал еңбегімен ел игілігіне үлес қосып жүрген ұстаз. Оның өмірлік ұстанымы – «Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы» қағидасымен үндесіп жатыр.

Leave a reply