Азамат пен билік арасындағы ашық диалог – әділетті қоғамның кепілі

0
35

Мемлекет пен азамат арасындағы сенім көпірі диалог арқылы нығаяды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы қағиданы жүзеге асырудың нақты үлгісін көрсетіп отыр. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан «AMANAT» партиясы азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешуге басымдық беріп, қоғамның түрлі саласында халық мүддесін қорғап келеді.

Шымкент қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдау кезінде мәслихат депутаты Бөкейхан Әбішев тұрғындармен тікелей жүздесіп, олардың күнделікті өмірінде туындайтын түйткілді мәселелерін талқылады. Кездесуде инфрақұрылымның жетіспеушілігі, тұрғын үймен қамту, әлеуметтік жәрдемақы, жұмыспен қамту және ауыз су жүйесін жақсарту сияқты әлеуметтік сипаттағы өзекті тақырыптар көтерілді. Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, құқықтық кеңес берілді, заң аясында шешім қабылдау тетіктері түсіндірілді.

Депутат Бөкейхан Әбішев кейбір мәселелерді өз бақылауына алып, тиісті мекемелермен бірлесе әрекет ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдауға бағытталған жаңа бастамалар мен жүйелі шаралар қолға алынатынын айтты. Бұл – халықтың пікірін ескеріп, шешім қабылдау үдерісіне қоғамды тартудың айқын көрінісі.

Партияның бастамасымен ұйымдастырылған мұндай кездесулер тек өтініш қабылдау алаңы ғана емес, қоғамдық жауапкершілікті арттыратын маңызды құралға айналып отыр. Әр азаматтың үнін естіп, нақты әрекет ету мәдениеті билікке деген сенімді күшейтіп, әділетті және ашық қоғам құрудың негізін қалайды. «AMANAT» партиясы үшін халықтың өтінішін тыңдау – формалды міндет емес, ел дамуының маңызды көрсеткіші. Себебі тыңдалған әрбір пікір – мемлекет саясатын жетілдіруге бағытталған нақты қадам.

Leave a reply