
Қазақ халқының рухани қазынасының түп-тамыры отбасы құндылықтарынан басталады десек жаңылмаймыз. Халық аузынан жиі еститін «Отан отбасынан басталады» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Өйткені отбасы – мемлекеттің діңгегі, экономика мен әлеуметтік саясаттың, мәдениет пен руханияттың негізі.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздігін жариялаған тұста отбасы құндылықтарына байланысты бірқатар шаруалар атқарылды. Атап айтсақ, ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар мен гендерлік теңдікті сақтау мақсаты көзделіп, отбасы деп аталатын әлеуметтік институтқа мемлекеттік деңгейдегі жүйе енгізілді.
Ал былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды.
Соңғы жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, қоғамдық қолдау салаларында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облыста ана мен бала қауіпсіздігін сақтау, отбасы құндылығын дәріптеу, мемлекттік отбасы саясатын жүргізуге жауапты «Отбасын қолдау орталықтары» әр ауданда ашылған. Арқалайтын жүгі атан түйеге жүк болатын мекеме қызметкерлері қазіргі таңда ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын көз көріп отыр. Мәселен, Сайрам ауданындағы осындай «Отбасы қолдау орталығы» жанынан өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау көрсету мақсатында құрылған мобильді топ құрылған. Аталған топ құрамына Сайрам ауданы әкімі орынбасары, Отбасын қолдау орталығы басшысы, полиция қызметкерлері, учаскелік полиция, көші-қон бөлімінің өкілі, ювеналды полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, денсаулық сақтау саласының өкілдері, мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі хатшысы, аудандық «Мансап орталығы» басшысы, Сайрам аудандық заң бөлімшесінің басшысы, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы, пробация қызметі бөлімшесінің қызметкерлері, жалпы саны 634 адам тартылған.
Мобильді топтың жұмысынан түсінгеніміз, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды ерте анықтау үшін мобильді топ мүшелерінен сигналдар түседі. Түскен сигнал бойынша орталық қызметкерлерімен жеке жұмыс жоспары түзіледі. Қазіргі таңда түскен сигналдар нәтижесінде Мобильді топтар арқылы 17 отбасы анықталып, қолдау шаралары жасалып, сүйемелдеуге алынған.
Мекемеге түскен сигналдар бойынша 2024 жылдың басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерімен 95 адам тіркелген екен. Оның ішінде:
күйеуінен зорлық зомбылық көрген – 72;
ата-анасынан – 18;
бауырларынан – 5.
Оларға қажеттіліктеріне қарай, уақытша тұру жатын орындармен қамтамасыз етіліп, құжаттарын қалпына келтіру үшін заңгердің көмегі, эмоционалдық күйзелістен шығуға психологтардың және әлеуметтік экономикалық қолдау көрсету үшін әлеуметтік қызметкерлер, кейс-менеджерлер көмектер береді.
Мамандар көмегімен «Сенім-Ай» коғамдық бірлестігі «Көмек» дағдарыс орталығына 1 отбасы (1 ана, 8 балаларымен) орналастырылған. Ал «111» call-орталығы арқылы өтініш түспеген. Оған себеп, жергілікті тұрғындардың әлі де болса сенім телефоны арқылы хабарласуға құлықсыздығы секілді.
Адамдардың (отбасылардың) өздері орталыққа жүгінген кезде, әңгімелесу жүргізу ұйымдастырылып, олардың келісімімен дербес деректерін жинап және өңдей отырып, жан-жақты қолдау шаралары жүргізіледі.
Атап өтейік, облыс бойынша «Отбасы қолдау орталықтарында» қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру үшін өткен жылдан бері бернеше рет семинар-тренингтер өткізілген.













