Адал еңбегімен абырой биігіне жеткен ұстаз

Бақтыбаева Гүлнар Мұсақызы 1972 жылдың 25 қыркүйегінде дүниеге келген. Ол өзінің бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге арнаған адал ұстаз, еңбекқор педагог-зерттеуші. Бүгінде З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Оның педагогикалық өтілі 30 жылға жуықтап, осы уақыт аралығында ол жүздеген шәкірттің өміріне жол ашып, олардың жүрегіне білім шырағын жақты.
Гүлнар Мұсақызының еңбегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының басты қағидаттары – адалдық, еңбекқорлық, кәсібіне берілу айқын көрініс тапқан. Ол балаларға тек пәндік білім ғана емес, адамгершілік пен әділдікті, өз еліне қызмет етуді үйретуді мұрат тұтады. Әр шәкіртіне шынайы қамқорлықпен қарап, олардың жетістігіне ортақтасып, ел болашағына адал азамат қалыптастыруға күш салып келеді.
Оның жетекшілігімен шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен олимпиадаларда үздік нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылы республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде Дүйсенбеков Ернар мен Сматуллаев Дәурен жеңімпаз атанды. «Зерде» зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеңінде Сатынбек Әлімжан мен Сералы Перналы жүлделі орындар иеленді. Сондай-ақ, «Абай оқулары», халықаралық ғылыми жобалар конференциялары, республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасы сияқты білім бәйгелерінде шәкірттері үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жетістіктер – ұстаздың адал еңбегі мен табандылығының айқын жемісі.
Ұстаздың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол Қазақстанның педагогикалық академиясының «Ұстазға құрмет» төсбелгісімен, Шымкент қаласы білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, «Өрлеу» педагогикалық біліктілікті арттыру институтының мадақтамаларымен марапатталды. Бұл марапаттар оның кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігін дәлелдейді.
Гүлнар Мұсақызы үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен атқарылатын өмірлік миссия. Ол әр оқушының бойына біліммен бірге отансүйгіштік, әділдік, табандылық сияқты қасиеттерді дарытып, ел болашағын тәрбиелеуді ең абыройлы іс деп біледі. Еңбегін адал атқару арқылы қоғамға пайдасын тигізуді өмірлік ұстаным еткен ол «Адал азамат» болудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.













