Еңбек адамы — өндірістің дамуының басты күші

Кентау трансформатор зауыты – қаладағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Мұнда тек трансформаторларды өндіру ғана емес, өндіріс процесінің әр кезеңі сапалы және қауіпсіз жүзеге асырылып отыр. Зауытта 28 дәнекерлеуші жұмыс істейді, олардың әрқайсысы өз ісінің шебері.
Дәнекерлеуші Руслан Пренов 2008 жылдан бері зауытта қызмет атқарады. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп: «Кентау трансформатор зауытында 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Күнделікті жұмыс барысында үлкен трансформаторлардан 2-3, кішісінен 10-ға дейін дәнекерлейміз. Техникалық қауіпсіздік басты назарда. Өзіміз секілді еңбек адамдарына алғысымыз шексіз. Еңбекті бағалаған билік басындағыларға алғыс айтамыз», – дейді.
Зауытта дәнекерлеу жұмысы – өндірістің маңызды буыны. Әрбір дәнекерлеуші техникалық қауіпсіздікті қатаң сақтай отырып, өнім сапасына жауап береді. Қызметкерлерге қажетті құрал-жабдықтар мен қорғаныс киімдері толық қамтамасыз етілген. Бұл – жұмыс сапасын арттыруға және әр қызметкердің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды шара.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамының құқығын қорғау, кәсіби дағдыларын дамыту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету басты назарда екені айтылған. Кентау трансформатор зауыты осы жолдауды іс жүзінде жүзеге асырып, әр қызметкерге өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді.
Дәнекерлеушілердің кәсібилігі, тәжірибесі және еңбекке адалдығы зауыттың өнім сапасын арттыруға және өндірістің тиімділігін тұрақты ұстап тұруға үлес қосады. Әрбір қызметкер – зауыттың дамуына, қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына қосқан нақты үлескер.
Кентау трансформатор зауыты – еңбек адамына құрмет көрсетудің, кәсіби шеберлікті бағалаудың, қауіпсіздікті сақтаудың және өндірістің тиімділігін арттырудың нақты үлгісі. Мұндағы әрбір дәнекерлеуші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қала тұрғындары үшін маңызды өнім өндірісіне ат салысуда.












