Елге қажет білікті маман даярлау – колледждің басты мақсаты

0
34

Кентау көпсалалы колледжі техникалық және кәсіптік білім беру саласында сұранысқа ие білікті мамандар даярлап келе жатқан өңірдегі жетекші білім ордаларының бірі. Колледж қазіргі еңбек нарығы талаптарына сай 12 түрлі мамандық бойынша жастарды оқытып, олардың кәсіби бағыттарын жан-жақты жетілдіруге жағдай жасап отыр. Оқу орны республикалық деңгейдегі жобаларға белсене қатысып, тәжірибе алаңдарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Бүгінде білім ордасында 1200-ге жуық студент сапалы білім алып, болашақта ел дамуына үлес қосатын маман болып қалыптасуға мүмкіндік алады. Әр мамандық екі біліктіліктен тұрады. Мәселен, құрылыс саласында техник-құрылысшы және кең бейінді құрылысшы сияқты бағыттар оқытылады. Сондай-ақ электр, сантехника, машина жөндеу, жөндеу технологиясы және компьютерлік бағдарламалау сияқты заманауи мамандықтар бойынша да жан-жақты білім беріледі.

Колледждің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жетілдірілген. Оқу кабинеттері, зертханалар, өндірістік шеберханалар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оқу орнында екі халықаралық дәрежедегі сарапшы маман қызмет етеді. Бұл студенттердің кәсіби даярлығын халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді.

Бүгінде 400-ден астам студент дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алуда. Бұл жүйе өндіріс орындарымен тікелей байланыс орнатуға, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға жол ашады. Кәсіпорындарда нақты жұмыс процесіне қатысқан жас мамандар еңбек нарығында тез бейімделіп, бәсекеге қабілетті болып шығатыны белгілі.

Колледж оқытушысы Диляра Анарбаева оқу орнының басты мақсатына тоқтала келе: «Біздің негізгі мақсатымыз – Президентіміздің жолдауында айтылғандай, жұмысшы мамандықтарын дамыту және білікті кадрлар даярлау. Президентіміздің айтуынша, ел экономикасын көтеретін – еңбек адамы. Сондықтан колледжіміз әр мамандық бойынша жан-жақты білім беріп, елге қажетті техникалық мамандарды даярлауды басты міндет етіп отыр. Қазіргі таңда дуалды оқыту бойынша 400-ден астам студент өндіріс орнымен тікелей байланыста білім алуда», – дейді.

Президент Жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеру, техникалық және жұмысшы мамандықтарын дамыту, өндіріс саласына жастарды көптеп тарту ерекше атап өтілген. Бүгінгі таңда «Білікті жұмысшы – ел экономикасының тірегі» деген ұстаным мемлекет даму стратегиясының өзегіне айналды.

Осы орайда Кентау көпсалалы колледжі жастардың қолына нақты кәсіп беріп, олардың болашақта тұрақты жұмыс табуына, ел өндірісінің дамуына үлес қосуына жағдай жасап келеді. Еңбек адамының қадірін көтеру – қоғамның негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан бұл білім ордасынан түлеп шыққан жас мамандар ертеңгі күні елдің түрлі саласында еңбек етіп, мемлекет өркендеуіне өз үлесін қосары сөзсіз.

Leave a reply