ОРДАБАСЫ: ТӨРТКҮЛДЕ БІРҚАТАР КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛІП ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРУДА

0
7

Ордабасы ауданында тұрғындар көтерген мәселелерді дер кезінде шешу және ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Аудан әкімдігінің халықпен ашық диалог орнату тәжірибесі нәтижесінде әр ауылдың өзекті қажеттіліктері анықталып, нақты шаралар жүзеге асуда. Соның айқын мысалы — Төрткүл ауылдық округіндегі жол жөндеу жұмыстары.

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың Төрткүл елді мекенінің халқымен кездесуінде тұрғындар жол сапасы мен жүріп-тұруға қолайсыздық тудырып отырған бірқатар көшелердің жағдайын айтқан еді. Бұл мәселені назарға алған аудан басшысы тиісті бөлімдерге нақты тапсырма беріп, жол жөндеу жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді.

Нәтижесінде Төрткүлдегі бірнеше негізгі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, Ғ.Мұратбаев, Т.Тоқтаров және Ә.Молдағұлова көшелерінде асфальт төселіп, жол жабыны жаңартылды. Жаңарған көшелер ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысына мүмкіндік берді.

Сапалы жол — ауыл өмірінің маңызды бөлігі. Төрткүлдегі ішкі көшелердің жаңаруы балалардың мектепке баруын жеңілдетіп, қызмет көрсету салаларының жұмысына да қолайлылық туғызады. Көлік қозғалысының реттеліп, ауыл ішіндегі инфрақұрылымның жүйелі түрде жақсаруы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей оң әсерін тигізеді.

Аудан әкімінің тапсырмасымен атқарылған бұл жұмыстар — тұрғындар ұсынысын дер кезінде тыңдап, нақты нәтижеге бағытталған шаралардың жемісі. Алдағы уақытта да Ордабасы ауданында жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса бермек.

Ордабасы ауданында жүзеге асқан бұл жұмыстар елімізде қалыптасқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі болып табылады. Азаматтардың ұсынысы мен талап-тілегіне жедел назар аудару, жергілікті жердегі мәселелерді тұрғындардың өзімен бірге талқылап, шешім қабылдау — осы ұстанымның басты мәні. Төрткүл тұрғындары көтерген жол сапасына қатысты мәселенің қысқа мерзімде шешім табуы да билік пен халық арасындағы ашық диалогтың тиімділігін дәлелдейді. Мемлекет саясатының негізгі мақсаты — әрбір азаматтың өмір сүру жағдайын жақсартып, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету. Осы бағыттағы Ордабасы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың сенімін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты күшейтуде.

Leave a reply