«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН ТИІМДІ МҮМКІНДІК

0
25

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау және халықтың табысын арттыру бағытында іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін нағыз мүмкіндік алаңына айналды. Бұл бағдарлама мал шаруашылығын, егіншілікті, қызмет көрсету саласын және түрлі кәсіп түрлерін дамытқысы келетін азаматтарға қолжетімді несие беріп, ауыл экономикасының жандануына елеулі үлес қосуда. Соның жарқын мысалы — Ұялыжар ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Есболова Фарида.

2023 жылы Фарида Есболова «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылқы шаруашылығын дамытуға 7 200 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Ол берілген қаржыны тиімді пайдаланып, қысқа уақыт ішінде шаруашылығын кеңейтуге қол жеткізді. Бүгінде оның қожалығында 12 бас жылқы бар, соның ішінде 11-і аналық, 1-і құлын. Мал басының артуы кәсіпкерлік істің тұрақты дамуына жол ашып, отбасының табысын едәуір арттырды.

Шаруашылықтың қыстық дайындығы да толық ұйымдастырылған. Жем-шөп қоры Фарида Есболованың өз қаражатымен қамтамасыз етіліп, малдың күтімі уақытылы жүргізілген. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде кәсіпкердің жылдық табысы бүгінде 1 500 000 теңгені құрап отыр. Бұл ауылдық жерлерде тиімді еңбек етіп, дұрыс жоспарлаған жағдайда табыс табуға толық мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқының өз ісін бастауына және бар шаруасын дамытуына серпін беріп отыр. Қаржылай қолдау алған азаматтардың табысты жобалары ауыл экономикасын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті өнім көлемінің артуына ықпал етуде. Есболова Фарида секілді еңбекқор азаматтардың жетістігі — бұл бағдарламаның ауыл тұрғындары үшін шынайы мүмкіндік екенін дәлелдейді.

Фарида алдағы уақытта шаруашылықты әрі қарай кеңейтіп, жылқы басын көбейтуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, мақсатқа жету үшін ең бастысы — ниет, еңбек және мемлекеттік қолдауды дұрыс пайдалану. Осылайша «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлерінің өз ісін өркендетіп, тұрмыс сапасын жақсартуға жағдай жасап отырған тиімді құралға айналды.

Leave a reply