«Адал азамат – адал ұстаз»

Қоғамның ең басты тірегі – адал азамат. Адалдық деген ұғымды тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу – үлкен ерлік. Осындай азаматтардың бірі – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы, ұрпаққа білім беруді өмірлік мұратына айналдырған Алдабергенова Зағира Тұтқабайқызы.
Ол кісіні шәкірттері тек ұстаз деп қана емес, ой серігі, ақылшы әрі демеуші ретінде қабылдайды.
Зағира Тұтқабайқызының ұстаздық жолы тым ертеде, 1989 жылы басталған еді. Ол кезде Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогика институтының қабырғасында білім алып жүрген жас студент болатын. Жүрегін әдебиет пен тілге деген сүйіспеншілік билеп, ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығын таңдап алғаны да тегін емес еді.
Содан бері ол өмірін толығымен педагогикаға арнады. Әуелгі еңбек жолы Өзбекстандағы қарапайым ауыл мектебінде басталды. Кейін университет қабырғасында оқытушы атанып, педагогика мен психология ғылымдарының тереңіне бойлады. Навоиде психолог-логопед қызметін атқарған жылдары да балалардың тағдырына ерекше жауапкершілікпен қарауды үйренді.
2008 жылдан бастап Шымкент қаласы оның екінші отанына айналды. Алдымен «Арман» мектеп-гимназиясында еңбек етіп, кейіннен №89 IT мектеп-лицейінде қызметін жалғастырды. Әдебиет сабағы кезінде ол әрбір оқушыны тыңдап, әрқайсысының ішкі әлемін ашуға тырысады. Сабақ үстінде қарапайым мәтін талдаудан гөрі, өмірге жақын сұрақтар қойып, шәкірттерді ойлануға жетелейді.
Оның еңбегін тек шәкірттері ғана емес, бүкіл педагогикалық қауым мойындады. «Жылдың үздік авторы» атанып, «Үздік интербелсенді сабақ» үшін марапат алды, республикалық олимпиадалар мен байқаулардан жүлделер иеленді. Әдістемелік мақалалары түрлі республикалық басылымдарда жарық көрді. Тіпті, 2024 жылы «Текст: теория и практика» атты еңбегін кітап етіп шығарды.
Бірақ Зағира Тұтқабайқызының ең үлкен мақтанышы – шәкірттері. Қалалық пен аудандық олимпиадаларда топ жарған жасөспірімдердің табысы оның жүрегіне ерекше қуаныш сыйлайды. Шәкірттерінің жетістігін ол өзінің еңбегінің жалғасы, өмірлік миссиясының дәлелі деп біледі.
Зағира Тұтқабайқызы – жай ғана мұғалім емес. Ол – ұстаздықты өмірінің мәніне айналдырған жан. Оның сабағында әдебиет тек пән емес, жүрек тәрбиесі, ой ұшқыры, болашаққа жетелейтін шамшыраққа айналады.












