СОЗАҚ: ҚАРАҚҰР АУЫЛЫНЫҢ ІШКІ ЖОЛДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АСФАЛЬТПЕН ҚАМТЫЛДЫ

0
15
Қарақұр ауылында 20,3 шақырым негізгі ішкі автомобиль жолдары бар. Биылғы жылы оның 6,3 шақырымы асфальтталып, бүгінде ауылдың барлық негізгі көшелері толықтай асфальтпен қамтылды.
Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің Қарақұр ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды.
Жиында округ әкімі Ғалым Бимендиев ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, биылғы жылдың басты жетістіктеріне тоқталды.
Аудан басшысы тұрғындарға аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар жөнінде хабарлап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
Кездесуден кейін жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды жеке қабылдап, әрбір өтінішке жеке тоқталды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауылдың негізгі көшелерінде жол белгілері мен жол кедергілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігі күшейтілді. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру жүйесі жаңартылып, ауыл көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылды.
Ауылдың орталық көшелеріндегі жарық бағаналары безендіріліп, көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Созақ–Бақырлы бағытындағы жол бойындағы қабырғаға «Қарақұр – құт мекенім» деген жазуы бар тақтайша орнату жұмыстары қолға алынды.
Қазіргі таңда Қарақұр ауылындағы Наурыз көшесінде балалар ойын және шағын футбол алаңшаларының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Шаға елді мекенінің орталығында да балалар ойын алаңшасы салынуда.

Leave a reply