Түркістан облысында экономиканың түрлі салаларын қамтитын инвестициялық және кәсіпкерлік жобаларды іске асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобалар мақұлданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, құрылыс индустриясы, жаңартылатын энергия көздері және қызмет көрсету салалары бойынша ірі инвестициялық бастамалар қолға алынған. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында өндірістік кәсіпорындар ашылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл және тамақ өнеркәсібі бағыттарында жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Бұл өз кезегінде өңірдегі шикізатты тиімді пайдалануға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Заманауи жылыжай кешендерін салу, қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал шаруашылығын өркендету және агроөнімдерді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мұндай жобалар ауылдық аумақтардың дамуына және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Туризм саласы бойынша да бірқатар инвестициялық жобалар мақұлданған. Түркістан қаласы мен өңірдің туристік аймақтарында қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық және сервистік нысандар салынуда. Тарихи-мәдени мұра объектілері орналасқан өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту арқылы келушілер санын арттыру және туризмнің экономикалық тиімділігін көтеру көзделіп отыр.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері бағытындағы жобалар да ерекше назарда. Күн және жел электр станцияларын салу арқылы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру, экологиялық таза энергия өндіру және инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастамалар «жасыл экономика» қағидаттарын дамытуға және өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ресми және іскерлік делегация Түркістанмен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында Қытайдың 50-ден астам жетекші компанияларының басшыларымен маңызды келіссөздер жүргізді. Облыс әкімі бастаған ресми және іскерлік делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен кездесіп, ірі инвесторлармен B2B және G2B форматтарында келіссөздер жүргізді. Іскерлік және мемлекеттік деңгейде өткен кездесулер нәтижесінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалды.
Өңір басшысы Қытай елінің өкілдерімен өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасы аясында бірлескен ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік ынтымақтастықты кеңейту және өзара тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және көлік салаларындағы бірлескен жаңа жобаларды талқылады. Қол жеткізілген келісімдер өңірге тікелей инвестициялар тарту, инвестициялық әріптестікті нығайтвп, заманауи өндірістер ашуға және Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталды. Кездесуге қатысқан компаниялар Түркістан облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық жобаларын таныстырды. Әрбір ұсыныс мұқият қаралып, өзара тиімді ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске қосылды. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бастап қалыптасып, бүгінде инвестициялық жобаларды пысықтауға арналған тиімді алаң ретінде дамып келеді.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, шетелдік инвесторларға ұсынылатын қолдау шаралары мен жеңілдіктер жөнінде ақпарат берілді. Өз кезегінде делегация өкілдері Түркістан облысының қолайлы географиялық орналасуын, экономикалық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, өзара тиімді серіктестікті дамытуға қызығушылық танытатынын жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар байланыстарды одан әрі нығайтып, нақты инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Атап айтқанда, медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін халықаралық компания Қазақстан нарығына шығу жоспарларын таныстырды. Компания жасанды сүйек тіндерін қалпына келтіруге арналған материалдар мен күйік пен жарақаттарды емдеуге қолданылатын жасанды тері матрицаларын өндіреді. Инвесторлар Қазақстанға өнім жеткізіп қана қоймай, болашақта өңірде өндіріс орнын салуға ниетті екендерін жеткізді. Сондай-ақ Wuhan Engineering компаниясының басшыларымен кездесу өтті. Компания Түркістан облысында заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын құру мүмкіндігін қарастырып отыр. Жобаның алдын ала инвестициялық көлемі 180 миллион юаньды құрайды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы техникалар өндіру саласында жұмыс істейтін ірі инвесторлармен жүздесті. Компания қоқыс таситын көліктер, шаң басатын машиналар, вакуумдық тазалау техникалары, мобильді авариялық электр станциялары және қар тазалау техникаларын шығарады. Кездесу барысында Түркістан облысында арнайы техника құрастыратын өндіріс ашу мәселесі қаралды. Сапардың ең ірі жобаларының бірі мәдени туризм бағытында талқыланды. Облыс әкімімен кездескен халықаралық компания басшылығы Түркістан облысында ауқымды океанариум немесе теңіз тақырыбындағы ойын-сауық және туристік парк салу жобасын ұсынды. Компанияның туристік инфрақұрылым объектілерін жобалау, салу және пайдалану саласында тәжірибесі мол. Ұсынылған жобаның инвестициялық көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда Түркістан өңіріндегі туризм саласының дамуына жаңа серпін беруі мүмкін. Қытайдың ең ірі агроөнеркәсіптік құрылымдарының бірі саналатын Huapei Group өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Компания ет өнімдерін импорттау, өңдеу, сақтау және логистикамен айналысады. Тараптар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мүмкіндіктерін және өңдеу саласындағы ықтимал серіктестікті талқылады. Іс-шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының ҚХР-ң Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев
Облыс әкімі Қытайдың құрылыс және инфрақұрылым саласындағы бірқатар жетекші компанияларымен «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жобасын жан-жақты талқылады. Олардың қатарында ондаған ірі корпорациялар бар. Бұл компаниялар көлік дәліздерін дамыту, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық көлік қатынасын кеңейту бағытындағы жобаларға қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар Қытайдың сәулет және құрылыс саласындағы компаниялары Түркістан облысында жоспарланған «Ирсу» және «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарын дамыту жобаларына қызығушылық танытты. Бұл бағытта жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірдегі туристік инфрақұрылымның сапасы артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, шетелдік туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі 50-ден астам компанияның басшылары және инвесторларымен кездесіп, жалпы құны жүздеген миллион долларды құрайтын жобаларды талқылады. Кездесулер өңірге инвестиция тарту, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында ұйымдастырылды. Түркістан облысы бүгінде Қазақстанның инвестиция тарту бойынша ең белсенді өңірлерінің бірі саналады. Қытайлық серіктестермен жүргізілген келіссөздер алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларға ұласып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде. Айта кетейік, «Хубэй» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы – қытайлық және шетелдік бизнес арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған ұйым. Қауымдастық инвестициялық жобаларды қолдап, халықаралық нарықта кәсіпкерлерге көмек береді. Ухань қаласында Түркістан облысының өкілдігі, ал Түркістан қаласында қауымдастықтың өкілдігі ашылған.
Іскерлік жобаларды қолдау мақсатында облыста инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Индустриалды аймақтар мен өндірістік алаңдар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуда. Сондай-ақ жобаларды сүйемелдеу және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету бағытында нақты шаралар қолға алынған.
Өңірде мақұлданып жатқан жобалардың басым бөлігі жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және бюджет кірісін арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсерін тигізіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан түрлі бағыттағы іскерлік жобалар өңірдің инвестициялық әлеуетін күшейтіп, экономиканың тұрақты дамуына негіз қалауда. Алдағы уақытта жаңа өндірістердің ашылуы, инновациялық технологиялардың енгізілуі және халықаралық серіктестіктің кеңеюі арқылы облыстың кәсіпкерлік белсенділігі артып, өңірдің дамуына тың серпін бермек.