ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЮДЕ

0
25

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары облысқа отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, жаңартылатын энергия көздері, құрылыс және инфрақұрылым салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысы географиялық орналасуы жағынан халықаралық көлік дәліздерінің бойында орналасқан стратегиялық өңір саналады. Облыс арқылы өтетін транзиттік бағыттар, көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстар және қолайлы инвестициялық орта инвесторлар үшін тартымды мүмкіндіктер қалыптастыруда. Осы артықшылықтарды тиімді пайдалану мақсатында өңірде инвестиция тарту бойынша нақты жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгінде облыста индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы жетілдіріліп, кәсіпкерлерге өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдайлар жасалған. Инженерлік желілермен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар инвесторлардың шығындарын азайтып, жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылып, әкімшілік кедергілерді азайту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Өңірде ауыл шаруашылығы саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жетекші аймақтардың бірі ретінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін зор әлеуетке ие. Заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық бағыттағы өндірістерді іске қосу арқылы салаға инвестициялар көлемі артып келеді.

Туризм саласы да инвестиция тартудың маңызды бағытына айналған. Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесі, тарихи-мәдени нысандары мен туристік инфрақұрылымының қарқынды дамуы жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына негіз болуда. Қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық кешендері мен сервистік қызмет көрсету нысандарының саны артып, салаға салынған инвестициялар көлемі жылдан-жылға ұлғаюда.

Сонымен қатар өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық берілуде. Күн және жел электр станцияларын салу бойынша бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып, жасыл экономика қағидаттарын енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде.

Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста арнайы механизмдер қалыптастырылған. «Бір терезе» қағидаты арқылы инвесторларға қажетті қызметтер көрсетіліп, жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер жедел шешілуде. Мұндай қолдау шаралары инвесторлардың сенімін арттырып, өңірге жаңа капитал тартуға мүмкіндік беріп отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай сапары аясында халықаралық жетекші өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, өңір экономикасының жаңа даму мүмкіндіктерін талқылады. Алдымен Kibing Group компаниясының басшылығымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Компания құрылыс саласына арналған флоат және энергия үнемдейтін шыны өнімдерін, электрондық құрылғыларға арналған арнайы шыныларды, күн энергетикасында қолданылатын фотоэлектрлік шыныларды, сондай-ақ фармацевтикалық салаға қажетті жоғары сапалы шыны өнімдерін өндірумен айналысады. Тараптар Түркістан облысында флоат-шыны өндіретін және кварц құмын өңдейтін ірі өндірістік кешен салу жобасын талқылады. Облыс әкімі инвесторлармен бұған дейін де кездесулер өткізіп, жобаны жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қаралған еді. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, құрылыс материалдары өндірісін дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны жүздеген тұрақты жұмыс орындарын құрып, жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етпек.
 – Аталған жоба Түркістан облысының ғана емес, тұтас еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға елеулі үлес қосады. Түркістан облысы кварц құмы қоры бойынша Қазақстандағы әлеуеті зор өңірлердің бірі саналады. Сондықтан шыны өнеркәсібін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бүгінде елімізде шыны өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Түркістан облысы қолайлы инвестициялық ахуалға, қажетті инженерлік инфрақұрылымға және білікті еңбек ресурстарына ие. Облыс әкімдігі жобаны іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сіздермен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестік орнатып, аталған жобаны бірлесіп жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвестор Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен қолайлы бизнес ахуалын ерекше атап өтті.
– Түркістан облысының жалпы инвестициялық мүмкіндіктері мен қолайлы бизнес ахуалы бізді ерекше қызықтырды. Өңірдің стратегиялық орналасуы, инфрақұрылымдық әлеуеті және мемлекеттік қолдау тетіктері ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Біз өзара тиімді серіктестікті дамытуға бар күшімізді саламыз, – деді компания өкілі.
 Сондай-ақ облыс басшылығы Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының бірі – China Energy компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қуаттылығы 1500 мегаватт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жобасы жан-жақты талқыланды. Бұл бастама Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздерін дамыту стратегиясымен толық үндеседі. Жоба іске асқан жағдайда өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі нығайып, экологиялық таза электр энергиясын өндіру көлемі айтарлықтай артады. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осыған сәйкес, Түркістан облысында баламалы энергетика саласын дамыту – стратегиялық басымдықтардың бірі. Өңірдің қолайлы табиғи-климаттық ерекшеліктері, оның ішінде жел және күн энергетикасы ресурстарының жоғары әлеуеті жаңартылатын энергия көздері жобаларын табысты іске асыруға кең мүмкіндік береді.  Халықаралық компаниялармен өткен бұл кездесулер Түркістан облысының инвестициялық саясатындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Өңір басшылығы өндіріс, жоғары технологиялар және жасыл энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуді мақсат етеді. Кездесулер барысында облыс әкімі алпауыт компания басшыларына Түркістан өңірінің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Қытайлық кәсіпкерлер өңірдің қолайлы инвестициялық ахуалына қызығушылық білдіріп, өндіріс, өнеркәсіп және басқа да салаларда ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға ниетті екендерін жеткізді.
Нұралхан Оралбайұлы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюы өңірлер арасындағы іскерлік қарым-қатынастың дамуына оң әсер ететінін айтты.
 – Түркістан облысы инвесторлар үшін ашық әрі сенімді серіктес. Біз өндіріс, жасыл энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы бастамаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз. Қытайлық әріптестермен жүргізілген келіссөздер өңір экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға тың серпін береді. Әкімдік тарапынан заң шеңберінде қажетті қолдау шаралары көрсетіледі. Сіздерге өңірімізге инвестиция тартуға және ірі энергетикалық жобаны жүзеге асыруға ниет білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі кездесу өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалап, жобаны табысты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін, – Нұралхан Көшеров.
Ірі инвесторлармен жүргізілген келіссөздер Түркістан облысының өндірістік қуатын күшейтіп, оны еліміздің индустриялық және энергетикалық дамуындағы маңызды орталықтардың біріне айналдыруға берік негіз қалайды деп күтіліп отыр. Жалпы, Түркістан облысында қалыптасқан қолайлы инвестициялық климат, инфрақұрылымдық мүмкіндіктер, табиғи ресурстар мен адами капиталдың әлеуеті өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беруде. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар өндіріс көлемін арттыруға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етіп, Түркістан облысының инвестициялық көкжиегін одан әрі кеңейте түсетіні сөзсіз.

 

Leave a reply