ТҮРКІСТАНДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ТУРИЗМ САЛАСЫ ҚАТАР ДАМУДА

0
28

Түркістан облысы ғасырлар қойнауынан бастау алатын бай тарихи-мәдени мұрасымен және рухани құндылықтарымен ерекшеленетін өңір ретінде ғана емес, бүгінде халықаралық деңгейдегі заманауи туристік орталыққа айналып келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын жетілдіруге және инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары облыста туризм саласын дамытуға басымдық беріліп, халықаралық талаптарға сай заманауи инфрақұрылым қалыптастырылды. Қонақ үйлер, туристерге қызмет көрсету орталықтары, мәдени-танымдық нысандар, ойын-сауық кешендері, қоғамдық кеңістіктер мен абаттандырылған саябақтар салынды. Сонымен қатар, көлік-логистикалық жүйе жаңғыртылып, инженерлік-коммуникациялық желілер кеңейтілді. Бұл жұмыстар өңірге келетін туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, қалалық инфрақұрылымды тиімді басқаруға және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған «Smart city» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңірде заманауи цифрлық шешімдерді енгізу арқылы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коммуналдық салаларды автоматтандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Түркістан қаласы «Ақылды қала» жобасын іске асыру деңгейі бойынша республика көлемінде 2024 жылдың қорытындысымен 74,6 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп, 12-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш өңірде цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта аталған көрсеткішті жақсарту, цифрлық шешімдерді кеңейту және инновациялық жобаларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бүгінде Түркістан қаласында бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, көшелерді «ақылды» жарықтандыру, қоғамдық көлік қозғалысын бақылау, коммуналдық қызметтерді автоматтандыру, цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қауіпсіз қала тұжырымдамасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысын бақылау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында заманауи ақпараттық жүйелерді пайдалану жұмыстары күшейтілуде. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатын жобаға қатысты мәселелер облыс әкімдігінде өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қалалар мен аудан орталықтарын цифрландыру, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті. Өңір басшысы цифрлық технологияларды тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан және қала орталықтарында кезең-кезеңімен енгізу маңызды екенін жеткізіп, жауапты басқармалар мен әкімдерге нақты тапсырмалар берді.

Өңірде «Smart city» тұжырымдамасын дамыту арқылы цифрлық экожүйе қалыптастыруға, инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға, энергия ресурстарын үнемдеуге және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға басымдық берілуде. Алдағы уақытта ақылды технологияларды енгізу аясын кеңейтіп, қалаларды басқарудың заманауи үлгісін қалыптастыру, жасанды интеллект пен деректерді талдау жүйелерін қолдану арқылы өңірдің цифрлық әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Нәтижесінде Түркістан облысында тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады.

Түркістан қаласында «Smart city» тұжырымдамасы аясында цифрлық технологиялар енгізіліп, қоғамдық қауіпсіздік, көлік қозғалысын басқару, интеллектуалды бейнебақылау, «ақылды» жарықтандыру және коммуналдық қызметтерді автоматтандыру жүйелері кезең-кезеңімен іске асырылуда. Сондай-ақ, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында цифрлық навигация, онлайн қызметтер, мобильді қосымшалар және ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Бұл өз кезегінде қаланы заманауи талаптарға сай басқаруға және туристік сервистің сапасын арттыруға ықпал етуде.

Өңірде халықаралық туризмді дамытуға бағытталған ірі жобалар да жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында «Керуен сарай» туристік кешені, заманауи конгресс-холлдар, этноауылдар, демалыс аймақтары мен экотуризмді дамытуға арналған нысандар бар. Сонымен қатар, Сауран қалашығы, Отырар, Сайрам, Арыстан баб, Үкаша ата, Домалақ ана секілді тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту және туристік бағыттарға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар ішкі туризммен қатар шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысында инновациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи әуежай, халықаралық стандарттарға сай қонақ үйлер, жаңа көлік магистральдары, цифрлық басқару жүйелері мен инженерлік желілер өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, туристік индустрияның тұрақты дамуына серпін беруде. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында цифрлық шешімдерді енгізу, жасанды интеллект элементтерін пайдалану және «ақылды қала» технологияларын дамыту арқылы өңірдің инновациялық әлеуеті артып келеді.

Бүгінде Түркістан облысы тарихи-рухани мұра мен заманауи технологияларды ұштастырған, халықаралық талаптарға сай туристік инфрақұрылымы қалыптасқан және инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналып отыр. Алдағы уақытта туризм индустриясын әртараптандыру, инновациялық шешімдерді кеңінен енгізу және әлемдік туристік картадағы Түркістанның орнын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Нәтижесінде өңір Орталық Азиядағы ірі туристік, мәдени және инновациялық орталықтардың біріне айналуға зор мүмкіндікке ие.

 

Leave a reply