
Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру және цифрлық трансформацияны жеделдету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта азаматтарға қызмет көрсетудің жаңа әрі ыңғайлы форматтары кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның бірі – Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы. Бұл жоба мемлекеттік қызметтерді азаматтардың өз бетінше алуына мүмкіндік беретін заманауи цифрлық қызмет көрсету алаңы ретінде қалыптасып келеді.
Түркістан қаласында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға бағытталған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО өз жұмысын бастады. Заманауи орталық азаматтардың мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.
Цифрлық ХҚКО мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған заманауи кеңістік. Smart Point концепциясы мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, яғни азаматтар тек қызмет алып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді өз бетінше пайдаланып, қажеттілігіне қарай мамандардан кеңес ала алады
«Түркістандағы Smart Point орталығының ашылуы — жаңа форматтағы ХҚКО-ның іске қосылуы ғана емес, мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мәдениетін қалыптастыруға бағдарланған маңызды қадам. Бүгінде біздің мақсатымыз — азаматтарға сапалы қызмет көрсетумен қатар, мемлекеттік цифрлық мүмкіндіктерді сенімді пайдалануға көмектесу. Smart Point өңір тұрғындары үшін сұранысқа ие болатын алаңға айналады деп сенемін», — деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Жалпы Smart Point – халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетуге, қызмет көрсету уақытын қысқартуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған цифрлық жоба. Аталған жүйеде азаматтар электрондық үкімет порталын пайдалану арқылы көптеген мемлекеттік қызметтерді оператордың көмегінсіз өздігінен рәсімдей алады. Нәтижесінде кезек күту уақыты азайып, қызмет көрсету процесі барынша ыңғайлы әрі тиімді ұйымдастырылады.
Бүгінде Smart Point арқылы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін электрондық форматта алуға мүмкіндік бар. Атап айтқанда, түрлі анықтамаларды алу, жылжымайтын мүлікке қатысты ақпараттарды рәсімдеу, кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу, заңды тұлғалар туралы мәліметтерді алу, әлеуметтік сипаттағы бірқатар қызметтерге өтініш беру, салық және басқа да мемлекеттік сервистерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар азаматтар eGov порталының мүмкіндіктерін пайдаланып, мемлекеттік органдарға өтініш жолдап, олардың орындалу барысын онлайн бақылай алады.
Smart Point жобасының басты ерекшелігі – қызметтердің толық цифрлық форматта ұсынылуы. Бұл қағаз құжат айналымын азайтып, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді. Электрондық жүйелердің интеграциясы қажетті ақпаратты мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алуға мүмкіндік беріп, құжаттарды қайта-қайта ұсыну қажеттілігін төмендетеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа көрсетілетін қызметтерді барынша жеңілдетуді және цифрландыруды тапсырып, атқарылған жұмыстарды бақылауында ұстап келеді. Бұл бағытта облысымыз жемісті еңбек етуде. Бүгінгі ашылып отырған заманауи кеңсе — соның нақты дәлелі. Облыс әкімдігі мен Мемлекеттік корпорация арасындағы тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде халық сұранысына сай келетін заманауи сервистік хаб құрылған» — деп атап өтті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Smart Point цифрлық ХҚКО бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта азаматтар құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өздігінен рәсімдей алады, сондай-ақ арнайы ақпараттық экрандар арқылы AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерімен танысады. Цифрлық аймақ мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу және құжаттармен онлайн форматта жұмыс істеу үшін моноблоктармен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Сараптамалық аймақта келушілер күрделі мәселелер бойынша мамандардың кеңесін ала алады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыруға және жаңа электрондық сервистерді меңгеруге арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары қарастырылған. Ал жайлы демалыс аймағында келушілер үшін қолайлы жағдай жасалған.
Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамыту мен қолайлы цифрлық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Айта кетейік, Smart Point цифрлық ХҚКО форматын алғаш болып енгізген өңір – Ұлытау облысы. Орталық 2026 жылғы 4 маусымда ашылды.
Ал Apple Store қағидатының тағы бір ерекшелігі – «алдымен кеңес, кейін рәсімдеу» принципі. Яғни келушіге қажетті қызмет алдын ала түсіндіріліп, ең тиімді әрі жылдам жол ұсынылады. Егер қызметті eGov порталы немесе мобильді қосымша арқылы өздігінен алуға мүмкіндік болса, мамандар азаматты осы цифрлық арналарды пайдалануға үйретеді. Бұл халықтың цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа көшуін жеделдетеді.
Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының негізгі ерекшеліктерінің бірі – Apple Store қағидатына негізделген сервистік модельді қолдануы. Бұл тәсілдің басты мақсаты – мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша қарапайым, жылдам және азаматтарға ыңғайлы ету. Мұнда негізгі назар құжат рәсімдеуге емес, келушінің қажеттілігін жедел шешуге және сапалы сервис көрсетуге аударылады.
Apple Store қағидаты бойынша қызмет көрсету дәстүрлі мемлекеттік мекемелердің жұмыс форматынан өзгеше ұйымдастырылады. Азаматтарды ұзын-сонар кезекте күттірмей, оларды арнайы кеңесшілер қарсы алып, қажетті қызметті анықтап, тиісті өзіне-өзі қызмет көрсету аймағына бағыттайды немесе цифрлық сервистерді пайдалануға көмектеседі. Нәтижесінде қызмет алу уақыты едәуір қысқарып, келушілерге қолайлы орта қалыптасады.













