
Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының, ұлттық қауіпсіздіктің және қоғамдық келісімнің басты кепілі. Егемендік – елдің ішкі және сыртқы саясатын дербес айқындауға, ұлттық мүддені қорғауға және мемлекеттік басқаруды тәуелсіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ең жоғары құндылықтардың бірі. Ал аумақтық тұтастық – мемлекеттің шекарасының мызғымастығын, конституциялық құрылысының беріктігін және елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі қағидат.
Түркістан облысында да Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірдің географиялық орналасуы мен мемлекеттік шекараға жақындығы ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Осыған байланысты облыста әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, әскери-патриоттық тәрбиені дамыту және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Облыс аумағындағы «Дарбаза» оқу полигоны Қазақстан Қарулы Күштерінің маңызды оқу-жаттығу орталықтарының бірі болып табылады. Мұнда Құрлық әскерлері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері тактикалық оқу-жаттығулар, жауынгерлік атыстар, танк экипаждарының дайындықтары және далалық сабақтар өткізеді. Жас сарбаздардың алғашқы практикалық атыстары, әскери техниканы басқару машықтары мен бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын жетілдіруге арналған жаттығулар тұрақты ұйымдастырылып, әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігі арттырылуда.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекеттік институттарды нығайтып, халықаралық деңгейде шекарасын толық заңдастырған, қорғаныс қабілетін кезең-кезеңімен жетілдірген және ұлттық қауіпсіздік жүйесін заманауи талаптарға сәйкес жаңғыртқан мемлекетке айналды. Бүгінде еліміз халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, бейбітшілік, өзара құрмет және тату көршілік саясатын жүргізуде. Сонымен қатар мемлекет кез келген жағдайда өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды ұлттық саясаттың өзгермейтін басымдығы ретінде қарастырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық стратегиялық құжаттар мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында егемендік пен тәуелсіздікті нығайту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік – халқымыздың ең басты жетістігі әрі оны сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан елімізде қорғаныс қабілетін арттырумен қатар, құқықтық мемлекет қағидаттарын дамыту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қазақстанның егемендігін нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі – кәсіби әрі заманауи Қарулы Күштерді дамыту. Соңғы жылдары әскери басқару жүйесі жаңғыртылып, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасы күшейтілуде. Әскер заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен кезең-кезеңімен жарақтандырылып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдірілуде. Елдің барлық өңірлерінде тұрақты түрде өткізілетін оқу-жаттығулар әскери бөлімдердің кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құқық қорғау органдары мен арнайы мемлекеттік құрылымдардың да рөлі ерекше. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, киберқауіпсіздікті нығайту және стратегиялық нысандарды қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында мемлекеттік институттардың тиімділігі артып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдер енгізілуде.
Түркістан облысында әскери-патриоттық тәрбиеге де ерекше көңіл бөлінеді. Білім беру ұйымдарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабақтары өткізіліп, жастар арасында әскери-қолданбалы спорт түрлері кеңінен насихатталуда. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жұмысы жанданып, мектептер мен колледждерде патриоттық кездесулер, әскери бөлімдерге танымдық экскурсиялар, батырлар ерлігіне арналған конференциялар және әскери-спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін ұғындыруға бағытталған.
Өңірде мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары да заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Әскер қатарына шақырылатын жастар медициналық тексерулерден өтіп, кәсіби іріктеуден өтеді. Әскери қызметтің артықшылықтары түсіндіріліп, жастардың Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге деген ынтасын арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар елдің қорғаныс әлеуетін нығайтумен қатар, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді.
Түркістан облысында қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдары, этномәдени бірлестіктер, ардагерлер кеңестері, жастар ұйымдары және азаматтық қоғам институттары белсенді жұмыс атқаруда. Ұлтаралық келісім мен қоғамдық татулықты сақтауға арналған форумдар, дөңгелек үстелдер, мәдени іс-шаралар мен кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Бұл бастамалар өңірдегі тұрақтылықты нығайтып, егемендіктің басты тіректерінің бірі саналатын қоғамдық келісімді сақтауға қызмет етеді.
Сонымен қатар облыста төтенше жағдайлардың алдын алу, стратегиялық инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар бірлесіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүзеге асырады.
Егемендік пен аумақтық тұтастықты нығайту тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ел заңдарын құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастарға патриоттық тәрбие беру – Тәуелсіз Қазақстанның берік болашағының негізі. Түркістан облысында осы бағытта жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстар өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығын және ұлттық бірлігін нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылы нәтижесінде Қазақстан өзінің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық мүдделерін қорғау жолындағы стратегиялық бағытын сенімді түрде жалғастыра береді.













