ТҮРКІСТАНДА КҮЗГІ МАУСЫМДА 200 МЫҢНАН АСТАМ ТАЛ ЕГІЛЕДІ

Түркістан қаласында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес күзгі көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін жалпықалалық сенбілік аясында С.Қожабаев көшесінде 2 мыңнан астам шаған, ақ тал, үйеңкі ағаштары отырғызылуда. Екі жыл бұрын пайдалануға берілген көшеде тамшылатып суару жүйесі арқылы осыған дейін де 2 мыңнан астам тал көшеті отырғызылған болатын.
Қазіргі таңда қала аумағында көшет отырғызумен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптау, суару, сарғайған жапырақтарды жинау және ағаштарды сақтау жұмыстары да атқарылуда. Жалпы, биыл күзде қала аумағына 216 231 дана тал егу жоспарланған. Соның 166 231 данасы Түркістан қаласындағы тұқымбақта отырғызылады. Ал биіктігі кемінде 2 метр болатын 50 мың ағаш көшеттерді қала көшелері мен саябақтарға, тұрғын үй аумақтарына отырғызу жоспарланған.













