Б.ҚАЛАБИ КӨШЕСІНДЕ ҚАРҚЫНДЫ РЕКОНСТРУКЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан қаласында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бектұрсын Қалаби көшесінде тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу және магистральдық желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс барысын қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы аралап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобаның орындалу барысын саралады.
Жоба аясында жалпы 52 магистральдық құдық орнату, диаметрі 225–315 мм құбырлар тарту көзделген. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге дейін диаметрі 160–200 мм кәріз құбырлары жүргізіліп, қажетті қорғаныш қаптамалары орнатылуда.
Бүгінде көшедегі 116 тұрғын үйдің 98-і магистральдық кәріз желісіне қосылған. Қалған аумақтарда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.
Аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс қарқынын күшейтіп, алдағы жауын-шашын маусымында жұмыстарды үйлестіруді, тұрғындарға келетін қолайсыздықты барынша азайтуды қатаң ескертті.












