Шымкентте қой шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлінуде
Шымкент қаласында жыл өткен сайын мал басының саны артып келеді. Оның ішінде қой шаруашылығын дамытуға мегаполис жері өте қолайлы. Сондықтан шымкенттік шаруалар қой шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр.
Солардың бірі Шымкент қаласы Абай ауданы, Көкбұлақ елді мекенінде орналасқан «Шорабек» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылық 2019 жылы өз жұмысын бастаған. Қазіргі таңда 400 бас қойды асылдандыру мақсатында сапалы өнім алу үшін мал тұқымын жақсартуда. Алдағы уақытта қоражай аумағын кеңейтіп, мал басын 1000 басқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Шаруаның басын 20-30 ұсақ малдан бастаған қожалықта бүгінде бір отар қойы бар. Қожалық иесі үкіметтің қолдауының арқасында мал санын арттырсам деген ниетте.
Жалпы алғанда, Шымкентте мал шаруашылығын дамытуды қолға алған шаруалар өте көп. Олардың қаланың дамуына қосып келе жатқан үлесі де өте зор.
Айта кетейік, қой жүнін өңдеу бойынша бірегей кәсіпорын «Шымкент Кашемир» ЖШС жылына 10 мың тонна өнім өңдей алады. Осы орайда Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасында 2019 жылдан бастап жүнге салынатын кедендік баж салығын алып тастау мәселесі көтеріліп келеді. Бұл ретте, 2021 жылғы 9 маусымда ҚР Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 17 ақпандағы №81 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес кард немесе тарақпен тарауға ұшырамаған жүнді Қазақстан аумағынан тыс жерге экспорттауға кеден салығының ставкасы жүн құнынан 0%-ды құрайды. Баж салығына тыйым 2023 жылғы 1 мамырға дейін сақталады.