Мемлекет қолдауымен гофракартон шығаратын кәсіпорынның жұмысы жандануда
Шымкентте қағаз өндіретін бір емес бірнеше кәсіпорын бар. Соның бірі және бірегейі жылына 1 млн шаршы метр гофракартон шығаратын «KazBioLife» өндіріс ошағы. 2013 жылы іске қосылған кәсіпорын соңғы уақытта өзінің өндірістік қуаттылығын арттырып келеді. Бүгінде өнім шығаруға қажетті шикізатты Алматы мен көрші Ресей елінен тасымалдайтын зауыт алдағы уақытта қағаз қалдықтарын қайта өңдеу ісін қолға алмақ.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде ашылған. Жобаның жалпы құны 650 млн. теңге. Оның біразы «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы төмен пайызбен алынған.
Қағаз дайын өнім болып шыққанға дейін бірнеше сатыдан өтеді. Ал өзімізде өндірілген дайын өнімнің екі түрлі артықшылығы бар. Біріншісі – 5 қабатты гофрокартон оның төзімділігін арттырады. Ал екіншісі жылдам әрі тез құралады.Жалпы мұнда 80 адам жұмыс істейді.
Зауыттың тағы бір ерекшелігі, кәсіпорын сұраныс бойынша қорапшаның сыртқы жазуларында тапсырыс берушілердің талабына қарай таңбалап береді. Сондықтан болар, жоба жүзеге асқалы бері нарықтағы картонның бағасы төмендеген. Отандық өнімге сұраныс та артып отыр.
Айта кетейік, зауытта қорап шығаратын 2 станок бар. Мұндағы техникалардың 70% қытай, 30% испания мемлекетінен әкелінген. Алдағы уақытта шикізатты шеттен тасымалдамау үшін зауыт басшылығы кәсіпорын жанынан қағаз қалдықтарын өңдеуді жоспарлап отыр.