ТҰРАН ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Тұран шағынауданындағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау туралы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, мұнда қазір жол құрылысы жұмыстары қарқын алған.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков аталған шағынауданға барып, құрылысы жүріп жатқан жолдардың жұмыс барысын пысықтады.
Атап айтар болсақ, №8 жол құрылысы мердігер мекеме «Агат» тарапынан 2020 жылы басталған болатын. Бүгінде №8 көше құрылысының 80 %-ы аяқталған. Осы жылы аталған көшенің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілу жоспарлануда. Осыған байланысты басқарма басшысы №8 көше тұрғындарымен кездесіп, жол құрылысының сапасы мәселесін талқылады.
Қазіргі уақытта Тұран шағын ауданындағы №1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13 көшелерінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл №1,2,6,7,8,10 көшелерінің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқтау жоспарға қойылған.
Сондай-ақ Тұран шағын ауданы тұрғындарын электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңнен тұратын жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша 10 кВ магистралдық электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде электр тарату бекеттерінің құрылысына бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Жалпы жоба құны 2,3 млрд. теңгені құрайды. Ал, 2-кезең 0,4 кВ ішкі электр желілерінің құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге бюджеттік өтінім ұсынылады.Құрылыс жұмыстарын «Әсем Құрылыс» ЖШС-гі жүргізеді. Нысанның құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, 2022 жылдың III тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң, Тұран шағын ауданында орналасқан тұрғын үйлер жаңадан салынған желілерге қосылып, электр қуаты тұрақты түрде берілетін болады.