ТУРИЗМ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫҢ ТҰРАҚТЫ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

0
162
Бұл сала соңғы уақытта өңірде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде.
Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
– Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылы 102 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-ші орындамыз. Былтыр Түркістанда демалыс орындары және туристік нысандар іске қосылды. Өңіріміз тарихи және мәдени мұраға бай. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік- сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді, – деді өңір басшысы.
Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізілуде. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП -50-іне енгізілген.
Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды. 2022 жылдың 5 айының қорытындысымен Түркістан қаласына бір күндік келушілер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 30 мыңдай адамға артып, 297 мың адамға жетіп отыр.
Өңірге туристерді молынан тартуда жолдың да маңызы зор. Былтыр 591 нысан немесе 1189,1 шақырым пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 79%-дан 87%-ға дейін артты. Биыл 1300 шақырымнан астам жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмысымен қамтылмақ.

Leave a reply