Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары маңызды су нысандарының жай-күйімен танысты

0
121
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов пен “Тұран су” мекемесінің басшысы Досхан Лесов және басшы орынбасары Қыдырбай Үсенбаев бірқатар маңызды су нысандарында болып соның ішінде Түркістан магистралды каналы және «Бөген» су қоймасының бүгінгі жай-күйімен танысты. Аталмыш нысан өңіріміздегі негізгі су қорларының бірі болып табылады. 1967 жылы пайдалануға берілген нысанның сиымдылығы 370 млн текше метрді құраса, жинақталған көл суы арқылы облыс бойынша 83 мың гектарға жуық егістік алқап суарылады. Бұл ретте «Бөген” су қоймасы арқылы негізінен Ордабасы, Арыс, Бәйдібек, Отырар аудандарының егістік алқаптарына су жіберілсе оның 70 пайызға жуығы Түркістан аймағына тиесілі. Ордабасы ауданында орналасқан аталмыш маңызды су қоймасының жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын болса, аудандарға жіберілетін су мөлшері қазіргі кезде жеткілікті деңгейде.
Аймақтағы су нысандарын аралау барысында басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов мұндағы сала мамандарының атқарып отырған жұмыстарына қанық болды. “Ауыл шаруашылығы саласына бейім аймақ дихандарының егістігін қажетті мөлшерде әрі шығынсыз ағын сумен қамтамасыз ету басты мақсат”. Осылай деген басқарма өкілі суды үнемдеу бойынша да нақты жұмыстар атқарылу қажеттігін тапсырды. Себебі соңғы жылдары ағын су қорының азайып келе жатқандығы бұл салада үнемдеуді және суды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге бет бұру қажеттігін аңғартып отыр. Сондықтан қолда бар су қорын барынша үнемді пайдалану бүгінгі күннің басты талабы деді.

Leave a reply