Thursday, November 21

КЕНТАУДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ

0
116
Кентау қаласы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша шаруа қожалықтар және кәсіпкерлермен семинар өтті. Жиынға қала әкімі Рашид Аюпов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы филиалының басшысының орынбасары Азат Муйтембаев, «Оңтүстік» АИО несиелендіру департаментінің бас менеджері Мақсат Асанов, «Ырыс» МҚҰ аймақтық сарапшысы Нұрдаулет Кеңесбаев, «Turkistan»-КММ Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Кентау бөлімінің басшысы Х.Мәденбай, «Атамекен» ҰКП Кентау қалалық филиалының директоры М.Садуов, қатысты.
Келелі жиынды қала әкімі Рашид Абатұлы ашып, бүгінгі семинардың мақсатына тоқталды. Ауылшаруашылықты дамыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдер мен несие ұйымдардың бағдарламаларын кеңінен түсіндіру екенін атап өтті. Қажетті ақпарат алып, шаруашылықты дамытуға қолдануды ұсынды. «Жеріміз жеткілікті. Алайда, елімізде азық-түлік бағасы шарықтап барады. Сол себепті, ауылшаруашылықты дамыту арқылы ғана біз осы мәселені шешуге мүмкіндіктер аламыз. Ол үшін, шаруалар жан-жақты тәжірибе алмасып, заманауи тәсілдер арқылы өнім өндіруді қолға алу қажет», деді қала басшысы.
Әр баяндамашы өз саласы бойынша мемлекеттен берілетін көмектер мен ауылшаруашылық саласын дамыту бойынша ақпарат беріп, тәсілдермен бөлісті. «Bnk Leasing» компаниясының өкілдері егін шаруасына қолданатын тиімді суару техникасы жайында түсіндірме жүргізді.
Кентау қаласына Оңтүстік Кореядан әкелінген шағын шаруашылықтарға қолдануға тиімді жаңа техникасы таныстырылды. 20-25 гектар жерді үнемді суаруға арналған техника 400 метрге дейін су шашып егінді суарады.
Бұл құралды Европа, Америка, Канада елдерінде өте көп қолданады. Ең бастысы мемлекет тарапынан осы техниканы алып қолданғаны үшін субсидия беріледі. Бір техниканың өзі 8 сағатта 3 гектар жерге су шашуға қауқарлы. Айта кетейік, елімізде күннен күнге су тапшылығы орын алуда. Сол себепті облыс әкімі Ө.Шөкеев шаруашылықтағы басты мәселені шешу бағытында жаңбырлатып суару әдісін қолдану жағын ұсынған болатын.

Leave a reply