Түркістан облысында зейнеткер қоян өсіріп, пайдаға кенеліп отыр

0
110

Бәйдібек ауданы Боралдай ауылының тұрғыны Шарипа Әбдіжаппарқызы алғашында бұл кәсіпке ермек үшін барғанын айтады. Кейіннен табысы мол екенін түсінген соң өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысып, грант ұтып алған, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазір қоянның еуропалық бірнеше тұқымын өсіріп отыр. Шарипа Әбдіжаппарқызының таңертеңгі жұмысы осы қояндарына жем берумен басаталады. «Бұлар да бала сияқты. Бағып-қағып, еркелеткенді жақсы көреді»,–дейді зейнеткер. Қоян өсіру бір жағынан кәсіп болғанымен, екінші жағынан миды сергітіп, жан-дүниені тыныштандыратынын айтады. Осыдан 3 жыл бұрын 3 көжек сатып алып, өз кәсібін бастаған Шарипа апа, қазір қоянның Калифорния, Пландр және Француз қойы деп аталатын ерекше тұқымдарын өсіріп отыр. Үлпілдек үркектер суық пен ыстыққа шыдамды болғанымен тазалықты жақсы көреді екен. Шарипа Әбдіжаппарқызы, Боралдай ауылының тұрғыны: – 50 градус суыққа шыдайды бұлар. Иа, былқ етпейді, отыра береді. Кеше +50 градус ыстықта да отырды. Бірақ суын ауыстырып отырдық. Суы ысып кетті. Астын 3 мезгіл шайып отырдық. Тазалап, сумен шайып. Шүкір, жақсы. Былтыр 100 қоянға дейін жеткіздік. Не торға, не басқа жерге сыймайды. Сосын басқа бөлмеде ұстап отырдық. Оның барлығына қарау Шарипа апайға оңай соқпапты. Сосын шетінен сатып, санын азайтқан. Етінің әр келісін 3 мың теңгеден өткізгенін айтады. Қазір мұнда 50 бас қоян бар. Француз қойы мен Калифорния тұқымы 10 келіге дейін ет береді. «Табиғи таза өнімге сұраныс та көп», – дейді зейнеткер. Шарипа Әбдіжаппарқызы, Боралдай ауылының тұрғыны: – Алматыдан, Жезқазғанан шықты алатындар. Леңгірге өткіземіз. Жан-жақтан шығып, ақшаның дәмін біліп, басқа тұқымдарын ала бастадық. Біріншіден, диеталық тағам бұлар. Екіншіден, еті тез сіңімді. Етінде иіс болмайды. Аллергияға өте пайдалы екен. Қояндар жылына 4-5 рет, орташа есеппен әр аналық 6-дан 12-ге дейін көжектейді. Сондықтан тез көбейетін жануардың жылдап пайда әкелетіні де заңдылық. Шарипа Әбдіжаппарқызы өткен жылы 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранқа ие болған. Оған сүтті бағыттағы оншақты ешкі сатып алып, кәсібін кеңейтпек ниетте. Биыл Түркістан облысында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 2765 азаматқа грант беру жоспарланып отыр.  Махамбет Абдулла, облыстық жұмыспен қамту басқармасының бас маманы: – Үш лекпен беру жоспарланған. Біріншісі, 2022 жылдың сәуір  айында берілді. Ол кезде 300 адамға жоспарланып, барлығына грант берілді. Ал екінші кезең осы тамыз айының 8-нен бастап, портал ашылды. Өтінімдер қабылданып жатыр. Ол кезде 274 адам жоспарланған. Одан кейін қыркүйекті үшінші топпен грант беріледі. Айта кетейік, өткен жылы кәсіпкерлікті дамытамын деген 4115 адам 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алды. Оның ішінде 146-сы мүгедектігі бар азаматтар.

Leave a reply