Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жолды қайта құру жұмыстары жүргізілуде

0
109

 

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 509,5 шақырымды құрайды. 2022 жылғы жоспарға сәйкес автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 52,2 млрд.теңге бөлініп, жалпы 779 нысанға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 52 облыстық, 42 аудандық, елді мекен көшелерінен 685 маңызды нысандар бар.

Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 87%-дан 92%-ға арттыру жоспарлануда. Жолдарды жөндеуде негізгі басымдық – облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «БЕ-БҚ» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілген.

«Ірі жобалардың бірі Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Кентау қаласынан Түркістанға кіреберіс 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары да атқарылуда. Жамбыл облысымен Түркістан облысын байланыстыратын Созақ ауданындағы 152 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Нысандар 2023 жылы толық пайдалануға тапсырылмақ»-, дейді Ролан Ибрагимов.

Сонымен қатар,Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік, Отырар ескі қалашығына баратын жолдар толық жөндеуден өтіп, Тау самалы демалыс аймағына баратын жолдың жөндеу жұмыстары биыл басталмақ.
Ал, Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Майдантал, Қарашық, Жүйнек, Қарнақ елді мекендерінен өтетін жолдарға жөндеу жұмыстары атқарылып, жыл соңына дейін 66,8 шақырымы толық пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Түлкібас ауданының Келтемашат, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе, Ынтымақ бағытындағы және Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізіне қосатын жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Одан бөлек, Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылуда.
Айта кетсек, облыс бойынша жол саласында 30 шақты мекеме қызмет атқарады. Өз жұмысын аяқтап кеткен мекемелерді қоспағанда қазіргі таңда 10 мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Leave a reply