Түркістан қаласында зейнеткерлерге арналған орталық ашылды
Түркістан қаласында зейнеткерлерге арналған орталық ашылды. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән т.б үйірмелері қызмет етеді.
Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға жүрекжарды лебізін білдірді.
— Бүгінгі бейбіт күніміз — Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын, — деді шаһар басшысы.
Бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады.
Қазіргі таңда Түркістанда 14 915 зейнеткер бар. Орталықта күніне 60-70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Мереке күнгі тартуға риза болған қариялар игі іске ұйытқы болған азаматтарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.