Садыр Жапаров қазақ пен қырғыз туралы әзіл айтты

0
113

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақ пен қырғыз жол салушылары туралы әзіл айтты. Бұл туралы Infonews.kz сайты Kaktus Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жапаров бұл әзілді Қырғызстанның көлік және коммуникация министрлігіне жол техникасын тапсыру рәсімі кезінде жеткізді.

“Екі жігіт Мәскеудегі университетті жол құрылысы мамандығы бойынша бітіреді. Содан кейін біреуі Алматы қаласына, екіншісі Бішкекке жұмысқа орналасады. Бір жыл өткеннен кейін қазақ қырғыз досын үйіне қонаққа шақырады. Келсе қазақтың екі қабатты үйі мен Mersedes маркалы автокөлігі бар екен. Қырғыз: “Мұнша байлықты қайдан алдың? Сырыңды айтшы” десе, қазақ жол көрсетіп: “Мына жолды көріп тұрсың ба? Мен жасадым. Енінен 5 сантиметр және биіктігінен 1 сантиметр үнемдедім. Менің байлығым осында депті”.

Үш айдан кейін қырғыз қазақты үйіне шақырады. Қазақ келсе, қырғыздың үш қабатты үйі, гелендвагені бар екен. Қазақ мұның бәрін қайдан таптың десе, қырғыз тұрып, Бішкектен Қара-Балтаға қарай баратын жолды нұсқап: “Жаңа тас жолды көріп тұрсың ба? Мен оны салған жоқпын. Бірақ байлығым осыдан келді депті”, – деді Жапаров.

Жапаров президент әкімшілігіне арналған ғимарат қырғыздардың жалқаулығынан баяу салынып жатқанын айтты.

“Қазір біз “Ыстықкөл” қонақүйінің орнына жаңа Үкімет үйін салып жатырмыз. Құрылысты қыркүйекте аяқтаймыз деп жоспарлаған едік, өйткені саммит қазан айында өтеді. Сол жерде ТМД елдерінің президенттерімен кездесу ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Құрылыста 500 қырғыз жігіті бар. Алайда олар сегіз сағаттың орнына бар жоғы бес-ақ сағат жұмыс істейді.

Қыркүйек айына дейін құрылысты аяқтау үшін Дубайдан 800 құрылысшы алдырдық. Біздің қырғыз жігіттерінің жалқаулығы осындай. Жұмыс жоқ дейді. Бірақ жұмыс бар. Тек өздері жасағысы келмейді”, – деді Қырғызстан президенті.

Leave a reply