Иранда әйелдер хиджаб киюден бас тартса 10 жылға бас бостандығынан айырылыуы мүмкін

0
152

Иранда парламенттік комитет хиджаб заңын бұзғаны үшін жазаны күшейтпек. Заң жоғарғы көсем Әли Хаменеи тағайындаған ислам дінінің мүшелері мен заңгерлерден тұратын Конституцияны сақтау кеңесіне ұсынылмақ. Бұл туралы Infonews.kz сайты Svoboda.org басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Заң жобасы хиджаб киюден бас тартқан әйелдерге әлдеқайда үлкен айыппұлдар мен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру шараларын енгізуді қарастыратын 70 баптан тұрады. Жаңа заңдар пакетіне сәйкес, бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жыл. Ал айыппұл мың есеге дейін – 360 миллион иран риалына (7 800 еуро) дейін өседі. Заң жобасы заң бұзған атақты адамдар мен компанияларға жазаны қатайтады және киім үлгісін бұзушыларды анықтау үшін жасанды интеллектті қолданады.

Қазір Иранда барлық әйелдерді шашы мен мойнын жабуға міндеттейтін заң бар. Оның сақталуын вице-полиция қадағалайды және тәртіп бұзушылар көше камераларының жазбалары арқылы анықталады.

Заңнаманың қатайтылуы Иран билігінің 22 жастағы Махса Амини қайтыс болғаннан кейін болған былтырғы наразылықтарға берген жауабы болды. Оған хиджабты дұрыс кимеді деген айып тағылып, артынша қайтыс болған еді. Аминидің отбасы қызын тәртіп сақшылары ұрып өлтіргенін мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін болған шеруді Иран полициясы аяусыз басқан еді. Осы әрекеттер кезінде кем дегенде 500 адам қаза тауып, ондаған мың адам ұсталды. Бірнеше наразылық білдіруші өлім жазасына кесілді. Алайда шерулер аяқталғаннан кейін де Ирандағы көптеген әйелдер хиджаб кию талабына қарсылық көрсетуді жалғастыруда.

Leave a reply