ТӨЛЕБИДЕ БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

0
200
Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 5 күнге созылған бокстан республикалық турнир аяқталды. Спорттық додаға барлық салмақ дәрежесі бойынша еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық жасөспірім қатысты. Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына орай және Қазақстан елді мекенінің тұрғыны, еңбек ардагері Амантай Дәулетбайұлын еске алуға арналған спорт сайысында 2008-2009, 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер өзара бақ сынады.
Дене шынықтыру және спортты дамыту, жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы турнирге кәсіби төрешілер төрелік етті.
Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев жиналған қонақтар мен спорт сүйер қауымды турнирдің ашылуымен құттықтап, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ турнирді ұйымдастыруға атсалысқандарға аудан әкімі орынбасарының алғыс хатын табыстады.
Спорттық сайысқа арнайы келген даңқты спортшы, Олимпиада жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, Әлем чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері Біржан Жақыпов жасөспірімдерге салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айтып, спорт шыңына жетуге жасаған қадамдарына сәтілік тіледі.
Байрақты бәсекеде кәсіби шеберлігімен, ептілігімен алға шыққан жасөсіпірімдер диплом, кубок, медальмен марапатталды.

Leave a reply