Saturday, November 23

САУРАН: ӨРКЕНИЕТ ЖОЛЫНДАҒЫ ҮШІНШІ КӨКТЕМ

0
56


Сауран ауданы биыл жазды толайым табыстармен қарсы алып отыр. Осы үш жыл ішінде аталмыш аудан орталығы – Шорнақ ауылының келбеті адам танымастай өзгерді. Салынып жатқан құрылыстар, бой көтерген ғимараттар, аудан орталығына көшіп келіп, орнығып жатқан мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар тіршіліктің күре тамырына ерекше қан жүгіртіп, шорнақтықтар өмірін гүл жайнатып жіберді.
Сәуірдің екінші жұлдызында Сауран ауданының жұртшылығы исі мұсылман қауымы үшін қасиетті Наурыз мейрамына орай өткізілген «Береке басы – Наурыз» атты мерекелік іс-шараға қатысып, керемет ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптеген театрландырылған көріністерді тамашалады.
Баршаға белгілі, ЮНЕСКО шешімімен 2009-жылдың 30-қыркүйегінде «Наурыз мейрамы адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасы» тізіміне енгізілсе, 2010 жылдың мамырынан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші қарарына сәйкес 21-наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бұл көңіл қуантарлық мәліметтерден біз Наурыз мейрамының мәртебесінің жыл өткен сайын көтеріліп келе жатқанын байқаймыз. Елімізде биылғы жылғы наурыздың тіпті ерекше жағдайда, Президент Жарлығымен бекітілген «Наурызнама» онкүндігі бағдарламасымен аталып өткендігі елді қуантуда.
БАЙ АУЫЛДЫҢ БЕЙНЕСІН ЕСКЕ ТҮСІРДІ
Айта кетейік, Сауран ауданындағы Наурыз мерекесінің іс- шарасы Теке ауылында болған су тасқынына байланысты кейінге шегерілген болатын. Қуаныштысы, су қарқыны дер кезінде ауыздықталып, ауыл тұрғындарына жәрдем көрсетілді. Адам шығыны болған жоқ. Сондықтан да, жыл басы – Наурызды асыға күткен қауымды Ұлыстың ұлы күнімен қауыштыру мақсатында өткізілген той-думанды жұртшылық қуана қарсы алды. Сауран аудандық әкімшілігі, Сауран аудандық мәслихаты, Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, басқа да қоғамдық ұйымдар белсене атсалысқан мерекелік іс-шараның ұйымдастырылуы көпшілік көңілінен шықты. Көктемгі жасарған табиғаттың әсемдігі, таза ауа мен гүл жарған ағаштардың жұпар иісі, дала төсін дүрілдеткен техникалар дүрілі, көктемгі егіске дайындық жасап жатқан диқандар әрекеті өз алдына, бірлік пен ынтымақта, достық рәуіште қауышқан түрлі ұлт өкілдерінің жарқын келбеті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының ұлықтығын дәлелдей түсті.
Әсіресе, биыл айрықша мән берілген ұлттық киімдегі адамдардың жарасымды келбеті, емен-жарқын амандасқан кәрі-жас, құшақ жайып қауышу, бір-бірін «Наурыз көжеге» шақырған қонақжай пейілдер мен киіз үйлерден шығып жатқан күмбірлеген домбыра дауысы, халық әндерінің жүрек тербетер әсем әуендері, алтыбақанда тербеліп, сыңғырлаған бойжеткендер мен жас жігіттер, «Ханталапай» ойнаған балдырғандар ертедегі тұтас бір бай ауылының көрінісін еске салады.
«МЕН ҚАЗАҚПЫН МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН»
Ұлттық қолөнер бұйымдарының, көркем сурет өнерінің көрмелерін тамашалаушылардың да қарасы мол. Осының бәрін бүгінгі әдемі қалыпта көпшілік назарына ұсыну үшін қаншама күш- қайрат жұмсалды десеңізші. Атадан балаға мұра болып келе жатқан, бүгінде сирек кездесетін әрбір көне дүниені ауыл-ауылдан жинап, кейінгі ұрпақтың есіне салудың маңызы зор. Мереке аталып өтер де кетер. Ал, сол ұлттық мейрам кезінде көрген бір ата дәстүр, ұлттық бұйым, әуелеген әуен, әйтеуір бір жастың есінде қалып, көңіліне түйсе, содан үлгі алып, қызығушылық танытса-ұлттық салтты дәріптеу жолындағы мақсатымызға жеткеніміз.
Түркістан облыстық басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі басшысының орынбасары Ербасы Жанысбекұлы Өтегенов:
-Құрметті Сауран ауданының тұрғындары! Бүгінгі жыл басы – Наурыз мерекесі құтты болсын! Берекелі, қуанышы мол, жақсы жыл болсын! Рамазан айындағы ораза қабыл болсын! Ниет қабыл болсын! Тек жақсылықта кездесе берейік! Жаңадан құрылған Сауран ауданы көркейе берсін! Жандана берсін! Түркістан облысының алдыңғы қатардағы аудандарының қатарында болсын! Жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың әл- ауқаты жақсарып жатыр екен. Ары қарай жалғаса берсін! – деген тілегін білдірді.
ЕН ДАЛАНЫ ДҮБІРЛЕТКЕН «ЕРКЕ СЫЛҚЫМ»
«Береке басы-Наурыз!» мерекелік бағдарламасы жиырма домбырашының ен даланы дүбірлетіп орындаған «Ерке сылқым» күйімен басталып, Сауран аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, ақын Сайлаухан Жолановтың ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» поэмасын мәнерлеп оқыған қуатты үніне жалғасты.
«- Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім мың тұтылып,
Қуанғанда күлкімен мың түрілген.
Ал, бүгін ше, бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын.
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын».
Не деген жүректің түбіне дейін шымырлатар ғажап сөздер! «Қазақ» атының тарихқа жазылған күндері де – осы мамыражай заманымыз шығар», – деген ойымызды дауылпазын даңғыратып: «Уа, халайық, халайық! Күн мен түн теңесіп, Ұлыстың ұлы күні Наурыз келді! Жаңар дүние! Оян тіршілік!» – деген Жаршы дауысы бөліп, мерекелік думан басталып кетті.
Мерекеде Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Ермекбайұлы Байысбаев жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.
ӨНЕР ИЕЛЕРІНІҢ – ӨРІСІ КЕҢ
Қоғамымызда өтіп жатқан іс-шаралардың қай-қайсысының да сәнін де, әрін де кіргізетін-өнер иелері, мәдениет қызметкерлері. Сондықтан да осы орайда Жанар Жұмабекова басқарып отырған Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің кез-келген іс-шараға асқан жауапкершілікпен, шығармашылық ізденіспен келетіндігін айтып өткен дұрыс.
Ұжым мүшелері тек аудан көлемінде ғана емес, облыстық байқаулар мен түрлі жарыстарға да белсене қатысып, жаңашылдығымен көзге түскендігінің куәсі болып жүрміз. Бір ғана мысал. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен «Қазыналы керуен 2024» іс-шарасы кезінде де көпшілік назарына ұсынылған көріністер құндылығымен көкейде қалған еді. Наурыз мерекесінде де осы ізденістің жалғасына куә болдық.
Атап айтқанда, өнерпаздарды қолдау мақсатында аудан әкімінің ұсынысымен аудан өнерпаздары мен зиялы қауым өкілдері гастрольдік сапарларға немесе облыс орталығына, тағы басқа да жерлерге жолға шыққанда пайдаланатын он сегіз орындық қызметтік көлік берілді.
Арнайы көліктің болуы үнемі сахналық киім-кешектері мен музыкалық аспаптарын ар-қалап, жыл он екі ай бойы өңірде өтетін іс-шара-лардың басы-қасында жүретін өнерпаздардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетері сөзсіз.
ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАМЫЛҒАН ЖАЗИРАЛЫ ҚҰТ МЕКЕН
Сауран ауданында Мәдениет сарайының және спорт кешенінің сметалық-қаржылық жобалары жасалып, облыстық бюджет қарауына ұсынылды. Биылғы жылы спорт кешенінің құрылысы басталады деп күтілуде.
– «Сауран ауданы соңғы уақытта қарқынды дамып келеді. Қай жағыңызға қарасаңыз да салынып жатқан құрылыстарды, жөнделіп жатқан жолдарды көресіз. Өзге саланы былай қойғанда, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт саласында елеулі алға ілгерілеушілік бар. Спорт клубы ашылып, жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Он екі ауылдық округ бойынша он екі бапкер, он екі спорт нұсқаушысы қызмет жасайды.
Бабайқорған ауылдық округінен Мәдениет клубын салуға қаржы бөлініп, оның құрылысы да басталмақ. Өткен жылы әкімшілік ғимараты пайдалануға берілгені белгілі. Енді, халыққа қызмет көрсету орталығы, мемлекеттік кірістер басқармасы сияқты мекемелер отыратын ғимарат, ішкі істер органы қызметкерлеріне арналған ғимарат та іске қосылмақ. Сондай-ақ, аудандағы Ақсақалдар алқасы, Ардагерлер кеңесі, Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі, Аналар кеңесі, Іскер әйелдер қауымдастығы, Зағиптар қоғамы сияқты түрлі қоғамдық ұйымдардың бәрін бір шаңырақ астына біріктірген «Қамқорлық орталығы» бар. Барлық қоғамдық ұйымдардың бір ғимаратта орналасуы, бір жағынан өзара тығыз байланыс орнатуға да жағдай жасалынды. Мысалы, Сауран ауданында он сегіз зағип жан бар. Тағдырдан теперіш көріп отырған осы кісілердің уақытын тиімді өткізуі үшін «Қамқорлық орталығынан» кітапхананың арнайы бұрышы ашылды. Сондай-ақ, мұнда, кітапхананың іс- шарасы өтетін арнайы зал, оқу орталығы да көпшілік игілігіне қызмет етеді.
Сонымен қатар, демеушілер есебінен, яғни, инвестиция тарту арқылы Яссы, Шаға, Жаңа Иқан, Ораңғай сияқты төрт ауылға спорт зал салу жоспарланып отыр. Бұл Сауран ауданындағы құрылыс саласына қатысты атқарылып отырған ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы билік басына келген аз уақыт ішінде рухани байлығымыз – мәдениет, өнер, спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр.
Қашанда жақсылыққа жаршы болып жүрген Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы бірнеше жылдан бері «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық!»- деген бастама көтеріп, соны жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Бүгінгі таңда үш-ақ жасқа келіп отырған Сауран ауданы осы бастаманы да, елімізде кеңінен қанат жайған «Жасыл ел» бағдарламасын да құптай отырып, өткен жылдың аяғына қарай, яғни күз маусымында, және жаңа жылдың басында Шорнақ ауылдық округінің орталығында басты көшелердің жағасына шыршалар егілді.
Сонымен қатар, әкімшілік ғимаратының алдынан түрлі көпшілік, бұқаралық іс-шаралардың өтуіне бейімделген, сәнді, қолайлы алаңша жасалды. Міне, осы алаңда ең алғаш Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Аудандағы түрлі мекемелер мен қоғамдық ұйымдар күшімен он екі киіз үй тігілді. Алтыбақан құрылып, ұлттық, спорттық ойындар өткізіліп отыр», – дейді Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова.
ЕҢБЕК АДАМЫНА СЫЙ-ҚҰРМЕТ
Сондай-ақ, наурыз мейрамының сән-салтанатында «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы – Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Фатима Абутәліпқызы Рысбековамен сұхбаттасып, бүгінгі тыныс-тіршіліктерімен танысудың сәті түсті:
– Наурыз мерекесін жақсы табыстармен қарсы алып отырмыз» – дейді әрдайым іскерлігімен көзге түсіп жүрген төрайым.
– Біздің кәсіподақ та Сауран ауданымен түйдей құрдас. Жұмысымызды бастағанымызға үш жыл болды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 3700 мүше бар. Біз өз жұмысымызды дамыту үшін аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, түрлі іс-шаралар өткіземіз. Ұстаздарға жан- жақты жағдай жасау жолында «Сарыағаш», «Меркі», «Түлкібас саясы» сияқты демалыс үйлерінде жеңілдетілген жолдамалармен демалуға мүмкіндік туғызамыз. Рухани ынталандырып, «Алғыс хаттар», «Құрмет грамоталарымен» марапаттаймыз. «Үздік педагог», «Жыл мұғалімі», «Үздік тәрбиеші» сияқты байқаулардың өтуіне ықпал етеміз. Бүгін, міне, Наурыз мейрамын да табысты еңбегімізбен өрнектеп отырмыз. Барша мұсылмандар үшін орны бөлек мерекемен құттықтаймын. Әрбір атқан таңымыз жақсылық әкелсін» – дейді Фатима Абуталипқызы.
АНА КӨРГЕН ТОН ПІШЕР
Сауран ауданында жастар тәрбиесіне, ұлттық салт- дәстүрімізді дамытуға белсене атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдар қатарында Нышанкүл Жұманова басқарып отырған ҚХА жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесі бар. Ақ жүрек аналар қашанда игі істің басы-қасынан табылады. Наурыз мерекесіне де ақ жаулықты аналар қауымы тыңғылықты дайындықпен келген екен.
Аудандық Наурыз мерекесіне Аналарымыз киіз үй тігіп қазақи салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында сырмақ, ши, шыпта,құрт езетін табақ, бидай тазалайтын елек, кілемге тоқылған тұлғаларымыздың суреттерінен көрме ұйымдастырды- дейді бізге берген сұхбатында ҚХА жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова.
ҚХА жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесі 2021 жылы құрылып, өз жұмысын 12 ауылдық округте аналар кеңестерін құрудан бастады. Көп ұзамай- ақ кеңестің құрамы кеңейіп, мүшелері көбейе бастады. Ауылдағы аналар мен әжелер ұлттық өнеріміздің қыр- сырын жастарға үйретіп, киіз басудан байқаулар өткізді. Кейінгі жылдары, «Келіндер – 2022» сайысын, «Ене мен келін», «Бұрымды қыз» отбасылық байқаулары өткізілді. Ұлттық қолөнерді жандандырып, ісмерлікке, ұқыптылыққа, еңбекке баулып, жүйелі еңбек етуге және шығармашылыққа тәрбиелеу жолында аяулы аналар Абдуллаева Анаркүл, Жартыбаева Райхан, Құдиярова Сауле, Жусупова Мастура, Қуанышова Сара өздері жасаған жайнамаз, құрақ жастық, құрақ көрпелерін, алаша, кілем сияқты қолөнер бұйымдарын мектептерге апарып, көрсетіп, насихаттауда. Аналар кеңесінің жемісті жұмысының нәтижесінде Алматы қаласындағы аналар кеңесінің форумына қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Айта берсек, саурандық аналар атқарып отырған жұмыс өте ауқымды.
Сондай-ақ, саурандық аналар әзірлеген ұлттық тағамдар мен Наурыз көженің дәмі тіл үйірді. Сегіз қырлы, бір сырлы аналар орындаған «Еркем- ай» әні де мейрамның шаттығын шалқыта түсті.
Театрландырылған мәдени іс-шараға Сауран аудандық Әжелер алқасының төрайымы Балымхан Байтенова, мүшелері Асемкүл Мамедова, Дариха Касимова, Рабиға Жүнісова, Райхан Құланбаева, Бану Аяғанова, АйткүлТашметова әжелердің жасаған» тәу- тәу» айтып, аластаған дәстүрі де ұлттық дәстүрімізді жаңғыртты.
Концерттік бағдарлама аясында өнер көрсеткен, «Сауран сазы» фольклорлық ансамблінің, «Айдай», «Жайран» бишілер тобының, «Дильшод» ән-би ансамблінің, «Достық» этно-фольклорлық ансамблінің, Ә.Ұлмаханова, Н.Әлтен, Шахзод Бабаханов, Наргүл Мұсаеваның, жалпы Сауран аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы ән-күйлер мен билер, театрландырылған көріністер, қойылымдар орындау шеберлігімен, тартымдылығымен, тақырып аясымен жүректен жүректерге жетті.
БЕРЕКЕ БАСЫ – БІРЛІКТЕ
«Көктемнің бір күні жылға азық» боларлық көктем маусымымен бірге келетін молшылық, береке бастауы Наурыз мерекесіне үлкен дайындықпен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанбай Рысбековты сөзге тарттық:
– Наурыз мейрамын жыл басы десе дегендей. Алма ағаштар гүлдеп, арықтарда су ағып, тіршілікке жан бітіп, қырда көктемгі дала жұмыстары басталып жатыр. Міне, ауданымызда Ұлыстың ұлы күнін тойлап, ата-баба дәстүрімен Ораз Әміреев басқарып отырған Сауран аудандық ақсақалдар алқасы, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев ініміз, Нышанкүл Жұманова төрайымдық ететін Сауран аудандық аналар кеңесі және біз, өзбек этно-мәдени бірлестігі бірігіп киіз үй тігіп, қой сойып, палау басып, наурыз көже пісіріп, дәм-тұзымызбен ауданымызға келген қонақтарды қарсы алып жатырмыз. Қаншама ұлттың өкілі әрбір тасы тарихтан сыр тартатын қасиетті Сауран жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тіпті қоғамдық ұйымдар бас қосып отырған ғимаратымыздың өзі «Қамқорлық орталығы» – деп аталады. Сондықтан да, біздердің, ақсақалдардың, үлкендердің тілегі қашанда ынтымақ-бірлік болсын! Көп ұлтты еліміз тыныш, туған жеріміз аман болсын! Әрбір күніміз әрбір отбасыға шаттық, қуаныш, құт-береке және бақыт әкелсін! Бейбіт өмір болсын! Осы мамыражай заман бейбітшіліктің арқасы. Диқандарымызды Диқан баба қолдап, күзде көл-көсір өнім жинайық! Барша қауымды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі туған жер топырағына ырыздық, құт-береке әкелсін!» – деп Құрбанбай ақсақал ақ батасын берді. Сауран-дықтардың үшінші көктемі осындай мерекелік айшықтармен өрнектелді. Кешкісін жұртшылық аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаровтың ауызашар дастарханында бас қосты.
Ләззат САРЫБАЕВА,
Роза НАРЫМБЕТОВА.

Leave a reply