ОРДАБАСЫ: АУДАНДЫ ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ЖАЙЛЫ, ҚОЛАЙЛЫ АЙМАҚҚА АЙНАЛУ КЕРЕК

0
97


Аудан әкімі Азат Оралбаев Қажымұхан ауыл округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Жиында аудан әкімі: «Тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл Темірлан ауылынан 250 орындық спорттық сауықтыру кешенінің, Қажымұқан ауылынан Қ.Мұңайтпасұлы атындағы мәдени спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған бірегей нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Темірландағы Самал-2 мөлтек ауданынан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп құрылысы 2024-2025 жылдардың жоспарына енгізілген», – деді аудан әкімі өз баяндамасында.
Ауылдық округте 3 314 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін 11 канал бар болып, «Қазсушар» меншігіндегі Найман, Құртай, Қазыналық каналдарын 2022-2024 жылдары аралығында күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген.
Ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында 3 каналдың (Найман, Қазыналық, Құртай) 6 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланып отыр.
Ауылға инвестиция тарту бойынша жылдың 7 айында ауылдық округте 1 млрд. 388,0 млн.теңге жеке инвестиция тартылып, жоспардың орындалуы 127,0 пайызды құрады. Қажымұхан ауыл округі бойынша 2023 жылға кірістердің жылдық жоспары 140 млн.792 мың теңгені құраса, 8 айда округ бойынша жоспарланған бюджет кірістері 172 пайызға орындалды. Аталған салықтар ауыл округінің бюджетіне тікелей түсетіндіктен, ауылдың өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ.
Биыл аудан орталығындағы авто жолдарды жөндеу жұмыстары да өз уақытымен жүзеге асырылуда.
Атап айтар болсақ, Темірлан ауылы, Қажымұқан көшесіне, Көктөбе ауылы, Бәйтерек және Балбұлақ, Райымбекұлы көшесі орташа жөндеуден өтсе, Қызылсеңгір ауылы, Қалмұрзаев көшесіне, Ынталы ауылы, Рахымбаев, Т.Кәлпе көшесін жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Ынталы ауылындағы Имамбай, Сәуленбаев көшесіне, Амангелді ауылы Сағыныш, Абырой, Нұрлы жол көшесіне өртша жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Қажымұқан ауыл округінен 3,7 шақырым 10 кВ электр желілері, Темірлан елді мекеніндегі Абай көшесінде орналасқан КТП-8 А қосалқы стансасынан шығатын 1,16 шақырым 0,4 кВ электр желісі мен трансформатор және Айбергенов көшесінде орналасқан КТП-809 қосалқы стансасынан шығатын 1,85 шақырым 0,4 кВ электр желісі (СИП кабель) жаңартылатын болады.
Темірлан ауылы, Салыбек ата, І.Тілеубергенов, Əйтеке би, Т.Сейітқасымов көшелеріне электр желілері мен бағаналарының құрылысы әзірленіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Қуантарлығы, ауылдық округтегі Темірлан, Қажымұқан, Боралдай және Қызылсеңгір елді мекендері көгілдір отын пайдалануда.
2 елді мекенді (Амангелді және Ынталы) табиғи газбен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қараша айында көгілдір отынға қосу жоспарлануда. Ал, Көктөбе ауылын табиғи газбен қамту құрылысы сараптамадан өтіп, қаржы қарау үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен нақтылау жұмыстары басталған.
Темірлан елді мекенінде ауыз су мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. ПМК аумағы (Керуен сарай, Абырой, Мұқадас, Омаров, Тұрманжанов, Домалақ ана, Рахымбаев) көшелеріне аудандық «Таза су» мекемесі арқылы ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тамыз айында пайдалануға берілді.
Аудан әкімі өз баяндамасында аудан тұрғындарының баспанамен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында 70 гектар аумақта «Барс Құрылыс» ЖШС тарапынан 22 тұрғын үйдің (44 пәтер) құрылысы жүргізілетінін жеткізді. Аталған аумақта ауыз су құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда, электр желілерінің құрылысы жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстары толық біткен соң, пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін болады.
Ауыл тұрғындарының жайылым мәселесі бойынша өтініштеріне жауап берген аудан әкімі мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы Қаулыға сай 206,2 гектар жер аудандық қорға қайтарылып, аудан әкімдігінің 29.08.2023 жылғы қаулысымен ортақ жайылымға бекітіліп берілген.
«Ауылдағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Барлықтарыңызды, ауылды дамыту жолында ауыл әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», деген аудан басшысы есепті кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Аудан әкімі Азат Оралбаев Төрткүл ауыл округінің тұрғындарымен жиында да «Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Ауданды, ауылды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды», деген болатын. Ең әуелі аудан басшысы Төрткүл ауыл округі бойынша 2023 жылға кірістердің жылдық жоспары 62 млн. 703 мың теңгені құрап, өткен 8 айда округ бойынша жоспарланған бюджет кірістері 115 пайызға орындалғанын баяндады. Оның ішінде өзіндік кірістердің жылдық жоспары 32 млн. 253 мың теңгеге жетіп, жоспарланған бюджет кірістері жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін айта келе ауыл тұрғындарына округ бюджетіне түсетін аталған салықтардың Төрткүлдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталатынын айтты.
Аудан басшысы баяндамасында шаруашылыққа қажетті ағын су, ауыл тұрғындарына қажетті инфрақұрылым жұмыстарына айрықша тоқталып өтті.
Айта кетерлігі, ауылдық округте 10 774 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ететін 22 канал болса, биыл оның 3 каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар, 4 каналды күрделі жөндеуден өткізуге тиісті құжаттар әзірленіп, құрылыс жұмыстарын 2024-2027 жылдары жүргізу бойынша салалық басқармамен жұмыстар жүргізілуде.
Ал, алдағы қазан-қараша айларында тағы 5 каналдың 15,6 шақырым бөлігін механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Аудан әкімі ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыз сумен, электр энергиясы, көгілдір отынмен қамту бойынша салалық бөлім тарапынан қолға алынған жобаларды көпшілік назарына ұсынды.
Атап айтар болсақ, биыл Спатаев ауылы Спатаев көшесі, Қызылжар ауылы Елшібекұлы, Тоқбергенұлы, Құрманбекұлы, Әшірімбетұлы көшелері, Еңбекші ауылы Төлегенов, Тоқсанбаев, Еңбекші, Келешек көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ақсары ауылы Райымбек батыр көшесінің 0,4 шақырымына тас төсеу бойынша мемлекеттік сатып алу құжаттары әзірленуде.
Сонымен қатар, Көкарал ауылындағы мектепке баратын жолға жарықтандыру құралдарын орнату, балалар және спорт алаңшасын орнату, Жайылма ауылы Ақмола зиратына баратын жолға тас төсеу, Ақсары ауылы Молдағұлова көшесіне тас төсеу жұмыстары қолға алынбақ.
2023-2024 жылдарға Төрткөл, Қызылжар және Спатаев ауылдарының Жаңа құрылыс аумақтарына сапалы электр энергиясын жүргізу мақсатында «ККС Констракшн груп» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталуда.
Қызылжар және Спатаев ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалық ретінде жыл соңына дейін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында ауылдағы 11,1 шақырым электр желісі және 3 дана электр трансформаторы жаңартылатын болады.
Төрткөл және Көкарал-Еңбекші елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін қайта құруға қажетті құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындысы негізінде келер жылдың бюджеттік нақтылауына ұсыныс берілмек.
Ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде 2021 жылы құрылысы басталған 6 елді мекеннің 4 елді мекені қараша айында қосылу жоспарланса, 2 елді мекен құрылысы келесі жылға өтпелі. Нұра елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.
Азат Әбдіғалиұлы төрткүлдіктер үшін маңызды мәселе – ортақ жайылымдардың мән-жайын назардан тыс қалдырмады. Бұл мақсатта салалық бөлімнің атқарған жұмыстарын жұртшылыққа айтып өтті.
«Ауылда жайылымдық жерлердің жалпы ауданы 7 103 гектарды құраса, оның 1 456 гектары елді мекендердің ортақ жайылымдық жерлері ретінде 2019-2022 жылдары бекітіліп берілген.
2023 жылы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы аудан әкімдігінің Қаулысы негізінде 865 гектар жердің ішінен 164 гектар жер учаскесі өз еркімен қайтарылды. Қалған 701 гектар жер учаскелерін ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес, сот тәртібімен мәжбүрлі түрде иеліктен шығару жұмыстары жүргізілуде.
Ауылда денсаулық сақтау, білім беру бағытында да тындырымды тірліктер жетерлік. Соның бірі ретінде осы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылжар елді мекенінен ФАП құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында алда Еңбекші ауылынан ФАП құрылысы жүргізіліп, келер жылы ел игілігіне берілмек. Ал, 2021 жылы құрылысы басталған 2 білім нысаны келер жылы пайдалануға беру көзделуде», деді аудан әкімі өз баяндамасында.
Тұрғындармен есепті кездесуден соң аудан әкімі Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі бойында орналасқан ауыл орталығын аралап, ауыл көшелерінің тазалығы, тұрғын үйлердің қаскелбетін ретке келтіру бойынша ауылдық округ әкімі мен салалық бөлім жауаптыларына нақты тапсырма берді.

Leave a reply